Жаңа үйлерден пәтер алу кезінде қолма-қол ақшамен төлем жасауға тыйым салынды: Нені білу қажет
Фото: istockphoto.com
Қазақстанда жаңа салынған үйлерден пәтер сатып алу кезінде қолма-қол ақшамен төлем жасауға тыйым салынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
31 тамыздан бастап Қазақстанда құрылысқа үлескерлік қатысудың жаңа ережелері күшіне енді. Жаңа ереже азаматтарды құрылысы жүріп жатқан үйлерден баспана сатып алу кезінде туындайтын тәуекелдерден қорғауға бағытталған. Енді салынып жатқан үйдегі үлес үшін барлық төлемдер тек банк арқылы жүргізілуі тиіс.
Құрылыс және ТКШ істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков қазақстандықтарды құрылыс компаниясы қолма-қол төлем жасауды талап етсе, мұқият болуға шақырды.
"Егер құрылыс компаниясы қолма-қол төлем жасауды талап етсе, “Қазреестр” арқылы компанияның үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсаты бар ма, жоқ па тексеру қажет. Заң күшіне енді, барлық құрылыс компаниялары соңғы өзгерістерден хабардар. Банк арқылы есеп айырысу өте қарапайым: банкке барып, төлемді құрылыс компаниясының шотына аударса жеткілікті. Ешқандай қиындығы жоқ", – деді Бақытжан Жүнісбеков.
Комитет төрағасы жаңа талап пәтер бағасына әсер етпейтінін айтады.
Қала құрылысы және тұрғын үй-коммуналдық саясат департаментінің директоры Руслан Лепесов енді екінші деңгейлі банктер үлескердің "Қазреестр" жүйесінде тіркелген келісімшарты бар-жоғын тексеруге міндетті екенін атап өтті.
"Егер келісімшарт болса, бұл құрылыс компаниясының заңды жұмыс істейтінін білдіреді. Ал келісімшарт жоқ болса, банк операция жасауға рұқсат бермейді. Мұндай жағдайда құрылыс компаниясына барып, мән-жайды анықтау қажет, өйткені бұл оның заң аясынан тыс әрекет етіп отырғанын көрсетеді", – деді Лепесов.
Еске салсақ, бұған дейін Ұлттық банк төрағасы не себепті пәтерді қолма-қол ақшаға сатып алуға тыйым салынатынын түсіндірген еді.

Желіде тілі шықпаған баланы қой ішегімен қылқындырғандардың видеосы тарады: Логопед-дефектолог ырымның үлкен қаупін айтты
