Қазақстанда вакцинадан бас тартқаны үшін өлім жазасы енгізілмек: Ақпаратты санитарлық бақылау комитеті түсіндірді
Қазақстанда вакцинациядан бас тартқаны үшін өлім жазасын енгізу жоспарланып отырғаны туралы хабарламалар Қазнетті дүрліктірді. Жаңа «Биологиялық қауіпсіздік туралы» заң жобасы пайдаланушыларда осындай ой тудырды. Шын мәнінде онда өлім жазасы туралы айтылмаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі stopfake.kz-ке сілтеме жасап.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті вакцинациядан бас тартқаны үшін жоғары жазалау шарасын қолдану туралы ақпаратты жоққа шығарды.
"Әлеуметтік желілерде таратылып жатқан, белгіленген жұмыс ережелерін бұзғаны үшін өлім жазасына қатысты ақпараттың негізі жоқ. Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың қаңтар айында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев ең жоғары жаза шарасы – өлім жазасын алып тастайтын заңға қол қойды. Қазақстан азаматтарынан әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таратылатын күмәнді ақпаратқа сенбеулерін сұраймыз", – деп атап өтті ведомствоның ресми өкілі Ержан Байтанаев.
Комитеттің хабарлауынша, заң жобасын әзірлеуге зертханаларда ғылыми және диагностикалық зерттеулермен айналысатын, сондай-ақ аса қауіпті патогендермен және ауру тудыратын микроағзалармен жұмыс істейтін мамандарды әлеуметтік, құқықтық және биологиялық қорғау қажеттілігі негіз болған.
"Заң жобасы халықаралық тәжірибені ескере отырып әзірленді және елдің барлық халқын міндетті түрде вакцинациялауды көздемейді. Алайда, онда жұмысы аса қауіпті инфекцияларды диагностикалаумен, олардың қасиеттерін зерттеумен, сондай-ақ инфекциялық ошақтардағы жұмыстармен байланысты мамандарды вакцинациялау туралы айтылады. Оларға аса қауіпті патогендермен жұмыс істеу жөніндегі зертханалардың, обаға қарсы станциялардың, ветеринариялық қызметтің және басқалардың қызметкерлері жатады", - делінген санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің хабарламасында.
Сондай-ақ, заң жобасында патогенді биологиялық агенттермен, инфекциялық аурулардың, оның ішінде аса қауіпті инфекциялардың қоздырғыштарымен жұмыс істеу қағидаларын бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылған.
Сарапшылардың пікірінше, заң жобасы бүкіл Қазақстан халқының және тәуекелі жоғары аймақтарда жұмыс істейтін мамандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізеді.
Сонымен қатар, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін 1000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салу не 1 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылғанын еске салды.