Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Samsung компаниясы Қазақстанда тұрмыстық техника шығаруы мүмкін – Өнеркәсіп министрі

28 мамырда үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Samsung компаниясымен келіссөз жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Оған сәйкес, Қазақстанда бірқатар тұрмыстық техникалар, атап айтқанда кір машинасы мен теледидар шығарылуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: journal.rozetka

"Елімізде тұрмыстық техника өндірісі 3,8 есе өсті. Мәселен, Алматы қаласында Xiaomi теледидар құрастырып-шығару зауыты іске қосылды. Түркістанда коммерциялық тоңазытқыш құрастыруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар Оңтүстік Кореяның Samsung Electronics және Қытайдың HKC компанияларымен келіссөз жүріп жатыр", – деді Қанат Шарлапаев үкімет отырысында. 

Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдері министрден Samsung компаниясымен жүргізіліп жатқан келіссөз туралы толығырақ айтып беруін сұрады. 

"Аталған компания тарапынан қызығушылық бар, бірақ келісімнің қашан аяқталатыны белгісіз. Егер біздің жоспар орындалса, біз де Samsung тұрмыстық техникасын шығаратын боламыз, нақты айтқанда теледидар, кір жуу мәшинесі. Компания бізге келуі үшін құқықтық-нормативтік құжаттарды өзгертуіміз қажет", – деп жауап берді ведомство басшысы.

Айта кетейік, бұған дейін өнеркәсіп және құрылыс министрі утильдік алымды жою туралы пікір білдірген еді. 

Талқылау