Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бұл мәселе қазір үкімет тарапынан қаралып жатқан жоқ – Министр утильдік алымды жою туралы сұраққа жауап берді

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев кәдеге жаратуды өңдеу төлемін алып тастау мәселесі үкіметте қаралмайтынын айтты. Ол қазақстандықтардың 40 мыңнан астам дауысын жинаған тиісті петицияға қатысты сауалға да жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Primeminister.kz

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев сенат отырысында утиль алымға қатысты пікір білдірді.

“Олардың талабын ескеруі үшін заң бойынша процесс болуы керек. Утилизациялық алымға қарсы топтардың өкілдері Астанаға келіп, менімен тікелей сөйлесті. Қазір үкіметте утиль алымды өзгерту бойынша ешқандай жоспар жоқ. Бұл – бірінші мәселе. Әрине, халықтың пікірі ескерілуі керек. Бірақ оны заң бойынша жасауымыз қажет. Қазір (утиль алымға қарсы) петиция жүріп жатыр. Петиция аяқталғаннан кейін оны үкімет деңгейінде қараймыз. Заң бойынша процедура осындай”, – деп жауап берді министр.

Қанат Шарлапаев нақты сома туралы экология және табиғи ресурстар министрлігінен анықтауға болатынын айтты.

“Себебі “Жасыл даму” қоры тиісті ведомствоға қарайды. Енді қаражатты бағыттауға қатысты мәселеге келсек, оның белгілі бір бөлігі ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға кетті. Автобустардың сатып алуына келсек, ақшаны қоғамдық көлікті дамытуға жұмсап отырғанымыз заңдылық деген ойдамын. Осылайша қалалардағы тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартамыз”, – деп түсіндірді Қанат Шарлапаев.



Еске салайық, бұған дейін өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Қазақстанда кәдеге жарату алымына тарифтердің төмендеуі қаралмайтынын жазған едік. Бұдан бөлек министрлік қабылданып жатқан шаралар отандық көлік құралдары өндірісіне және қалдықтарды басқару жөніндегі ішкі инфрақұрылымның бәсекеге қабілеттігін жақсартуға бағытталғанын айтты.

Талқылау