Қазақстанда шетелдіктер тұрақты тұру үшін қазақ тілінен тест тапсырады: Бұл талап интеграцияны күшейте ме, әлде көшуге ниеттілерді азайта ма?

Қазақстанда шетелдіктердің тұрақты тұруына ықтиярхат алу (ВНЖ) ережелері өзгерді. Енді 13 ақпаннан бастап Қазақстанда тұрақты тұрғысы келетін шетелдіктерге ерекше талап қойылады. Атап айтқанда, енді олар қазақ тілінен тест тапсырып, тілді А1 деңгейінде білуі керек және сұхбат пен ЖИ-дің цифрлық бағалауынан өтуі керек. Мұндай ережелер басқа елдерде де қолданылады дейді саясаттанушылар. Stan.kz ақпарат агенттігі жаңа ережелерді түсіндіріп, сарапшылармен талқылап көрді.
Шетелдіктерге тұрақты тұруға ықтиярхат беруге арналған пилоттық жоба басталды
Қазақстанда шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға тұрақты тұруға рұқсат беру және қандас мәртебесін беру немесе ұзарту бойынша мемлекеттік қызметтерді көрсетуге арналған пилоттық жоба іске қосылды. Құжатқа сай, енді Қазақстанға тұрақты тұру мақсатымен келген иммигранттар migration.enbek.kz платформасы арқылы тестілеу, сауалнама және тұрғылықты жері бойынша әңгімелесу рәсімдерінен өтеді. Бұл пилоттық жоба 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін күшінде болады.
"Азаматтықтан шығару құжатына қатысты сұрақ көп, бұл қиындық тудыруы мүмкін"
Заңгер Александр Чичковтың түсіндіруінше, Қазақстан тұрақты тұруға рұқсат алғысы келетін адамды цифрлық көрсеткіштер арқылы анықтамақ.
"Қазақстан иммигранттың елге қаншалықты қажет немесе пайдалы екенін цифрлық көрсеткіштер арқылы бағалайын деп отыр. Жалпы формуласы мынадай: бүкіл параметр қосылады, денсаулық жағдайының коэффициентіне көбейтіледі және қосымша шарттар қосылады. Бұл ретте талаптар Қазақстанда тұрақты тұруды қалайтын этникалық қазақтарға да, қарапайым мигранттарға да қолданылады, – деп түсіндірді заңгер.
Александр Чичков Қазақстан адамның азаматтығы тіркелген мемлекеттің басқа мемлекетте тұрақты тұруға жазбаша келісімі немесе шығу құжаты ұсынылуы керек деп талап қойып отыр. Оның айтуынша, дәл осы тармақ қазір тәжірибеде көп сұрақ тудырып отыр.
"Енді Қазақстанда ПМЖ алу үшін азаматтың өз мемлекеті оған шетелде тұрақты тұруға іс жүзінде рұқсат беруі қажет. Алайда әзірге оны қолдану тәжірибесі жоқ. Ешкім балдық бағалауға алаңдап отырған жоқ, ол тек бүкіл рәсімді сәл ұзартады. Бірақ барлығы шығу құжатын ойлап отыр. Оның қандай болатыны, қай елдер оны беретіні, ал қай елдерде берілмейтіні белгісіз. Бұл азаматтығы бар елден тұрғылықты жері бойынша тіркеуден шығу туралы құжат па, консулдық есепке қою ма, әлде басқа нәрсе ме? Бәлкім, дәл осы құжатты енгізу тұрақты тұруға рұқсат алатын үміткерлерге қиындық тудыратын шығар", – деп болжады маман.
"Адам тұруға ықтиярхат алғысы келсе, демек келесі кезекте ол азаматтық алғысы келетіні белгілі ғой"
Саясаттанушы Досым Сәтпаев егер азамат тұрақты тұрғысы келсе, демек келесі кезеңде ол азаматтық алады дейді. Оның сөзінше, азаматтық алғысы келетін адам тілді білуге бәрібір міндетті болады.
"Қазір жаһандық деңгейде біраз мемлекетте тұруға ықтиярхат алғысы келетін азаматтарға талап қойылып жатыр. Одан кейін барып азаматтық алады. Екіншіден, егер адам тұруға ықтиярхат алғысы келсе, демек келесі кезекте ол азаматтық алғысы келетіні белгілі ғой? Сол себепті де тұрақты тұруға рұқсат беруге талаптарды қатаңдату әбден дұрыс деп есептеймін. Тұрақты тұруға ықтиярхат алғысы келетін адам ертеңгі күні азаматтық алуды да қарастырады. Бұл тұрғыдан қарағанда адам азаматтық алғысы келетін жермен өзін ерекше байланыстырады, ассоциациялайды. Бұл – маңызды кезең. Бұл адалдық, патриоттық әңгімесі. Осы жағынан қарағанда шешім дұрыс жасалды деп ойлаймын. Бұл – қазақстандық “Know how” емес, жаһандық деңгейде өте кең қолданылатын трендтің көрінісі. Менің ойымша біраз ел, соның ішінде Орталық Азия да осы бағытта әрекет етеді", – деп пікір білдірді саясаттанушы.
Қазақстанда шетелдіктер үшін құқықтық режимнің үш түрі бар.
Бірінші құқықтық режим – уақытша келу. Визалық режим жоқ елдер үшін 90 күнге дейін немесе белгілі бір мерзімге. Яғни туристер және тағы басқалар елге уақытша келеді.
Екінші құқықтық режим – уақытша тұру. Бұл 90 күннен ұзақ немесе бір жылға дейінгі еңбек шарты негізінде болады, кейін ол ұзартылып отырады. Бұл жағдайда да қатаң талаптар қолданылмайды. Яғни жұмыс істеуге, оқуға, емделуге және тағы басқа мақсаттармен келген адамдар бір жылға уақытша тұруға рұқсат алып, кейін оны ұзартуға мүмкіндік алады.
Бұл ретте елде тұрақты тұруға рұқсат алу – режимнің үшіншісі.
"Әңгіме ресейліктер туралы болса, онда олар тұрақты тұруды жоспарлап отырған жоқ"
Шетелдіктер үшін құқықтық режимнің үшінші түріндегі талаптарды құқыққорғаушы Евгений Жовтис те қолдады. Оның сөзінше, елге тұрақты өмір сүру үшін келетін адамға ең төменгі талаптар көп елдерде қабылданған. Бұл әңгіме жай ғана уақытша келіп, жұмыс істеп немесе бизнес жасап кету туралы емес дейді ол.
"Дәл осы тұрақты тұру мәселесіне келгенде, иә, ол басқа елдің азаматы, бірақ ол осы елге тұрақты өмір сүру үшін келеді. Тарихқа, тілге қатысты ең төменгі талаптар көп елдерде қабылданған, мысалы Еуропаның көп елінде. Яғни белгілі бір деңгейде тіл мен тарихты білу интеграция мақсатында талап етіледі. Адам бұл елге уақытша жұмыс істеу, оқу, емделу үшін келуі мүмкін және уақытша тұру рұқсатын осы талаптарсыз-ақ ұзартуға болады. Ал егер адам басқа мемлекеттің азаматы бола тұра осы елде тұрақты өмір сүруді таңдаса, онда осындай ең төменгі талаптар қойылады", – деп түсіндірді құқыққорғаушы.
Оның сөзінше, жаңа талаптар мағыналық тұрғыда ақылға қонымды. Ол сұрақ елімізде тұрып жатқан ресейліктерге қатысты болса, онда олар белгілі бір жағдайға дейін ғана уақытша тұрады дейді.
"Егер келген адам тіл білмесе, онда ол мемлекеттік органдармен қалай сөйлеседі, басқа адамдармен қалай байланыс орнатады, мемлекетпен қалай әрекеттеседі? Егер ресейліктер туралы айтсақ, олардың көбі Қазақстанда тұрақты тұруды жоспарлап отырған жоқ. Олар қанша уақыт жүретінін нақты білмейді, бірақ соғыс аяқталғанға немесе оларды басқа елге көшуге мәжбүр еткен жағдайға дейін осында тұрып жатыр. Егер соғыс аяқталса, меніңше, олардың басым бөлігі Ресейге, яғни бұрын тұрған жерлеріне қайтады", – дейді Евгений Жовтис.
"Егер адам өмірін осы елмен ұзақ уақыт байланыстырғысы келсе, онда ол белгілі бір ережелерді сақтауға міндетті"
Саясаттанушы, конфликтолог Талғат Қалиев бұл өзгерісті объективті демографиялық процесс деп бағалайды. Оның сөзінше, орыс тілін білмейтін, керісінше қазақ тілін меңгерген азаматтар көбейіп жатыр.
"Меніңше, бұл – объективті демографиялық процесс. Бізде жыл сайын мемлекеттік тілді меңгерген азаматтардың саны, сонымен қатар орыс тілін білмейтін немесе жеткілікті деңгейде меңгермеген адамдардың саны да, жыл сайын қазақ бөлімдеріне түсетіндердің саны көбейіп келеді. Бұған қоса, бізде орыс тілін білмейтін репатрианттар көп. Олар шетелден келіп, осы жерде жұмыс істеп жүр, тек қазақ тілін меңгерген. Егер адам тұрақты тұруға рұқсат алып, өмірін осы елмен ұзақ уақыт байланыстырғысы келсе, онда ол белгілі бір ережелерді сақтауға міндетті", – дейді саясаттанушы.
Оның сөзінше, Ресейде де бүкіл мигрант тілден емтихан тапсыруға міндетті. Тіпті кейбір жағдайларда олар тұруға рұқсат алу үшін ғана емес, басқа құжаттар үшін де орыс тілін білетінін дәлелдеуі керек.
"Бізде ҚАЗТЕСТ жүйесі бұрыннан бар. Оны көп адам тапсырып жүр: мысалы, магистратураға түсетіндер де, тіпті президенттікке кандидаттар да. Бұрыннан қалыптасқан бұл әдіс талаптарға сай келеді. Мен өзім де бұл тестіні тапсырғанмын. Меніңше, ол адамның тіл білу деңгейін жақсы сипаттайды. Бұл еуропалық бағалау жүйесіне ұқсайды. Мысалы, ағылшын тілінен тест тапсырып, деңгейіңізді балл арқылы анықтайтыныңыз сияқты. Ал қазір Қазақстанға келушілер саны артты. Менің ойымша, бұл соған байланысты. Әйтпесе, тіл білмейтін азаматтардың саны тым көбейіп кетуі мүмкін. Бұл қарапайым тұрмыстық деңгейде де түсінбеушілікке әкеледі", – деп пікір білдірді Талғат Қалиев.
Айта кетері, сарапшылардың бәрі жаңа пилоттық жоба енді көшіп келетін шетелдік азаматтарға ғана қолданылатынын еске салды.
Қазақ тіліне қатысты қандай талап енгізілді?
Қазақстанға тұрақты тұруға келген иммигранттар қазақ тілін білу деңгейі бойынша тестілеуден өтеді. Тест онлайн форматта ҚАЗТЕСТ жүйесі арқылы өткізіледі және 1 сағат 10 минутқа созылады.
Тест 60 сұрақтан тұрады:
Тыңдалым – 20 тапсырма (20 минут);
Оқылым – 40 тапсырма (50 минут).
Тестілеуге өтінішті Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайты арқылы беру керек.
Жаңа ережеге сай, иммигранттар қазақ тілін кемінде A1 деңгейінде білуге тиіс. Егер адам қажет балды жинай алмаса, ол 30 күн ішінде тағы екі рет қайта тапсыра алады.
Бұл талаптар тұрақты тұруға рұқсат алғысы келетін немесе қандас мәртебесін алуға өтініш берген иммигранттарға қолданылады. Ал Қазақстанға жұмысқа, оқуға, бизнеске, инвестицияға немесе туризмге келген шетелдіктерге бұл тест талаптары қолданылмайды.
Белгілі бір деңгейдегі онлайн диагностикалық тестілеу сертификатын алу үшін әр блок бойынша дұрыс жауаптардың 30%-дан 100%-ға дейінгі пайыздық шекті балын жинау қажет. Ал қазақ тілін меңгерудің А1 деңгейі (қарапайым деңгей) бойынша онлайн диагностикалық тестілеу сертификатын алу үшін әр блок бойынша 30%-дан 40%-ға дейін дұрыс жауап жинау қажет.
Әр блок бойынша 30%-дан 100%-ға дейін дұрыс жауап жинап, шекті балдан өткен тұлғаларға онлайн диагностикалық тестілеу сертификаты беріледі. Ал шекті көрсеткіштерден өте алмаған тұлғаларға әр блок бойынша жинаған балдары көрсетілген онлайн диагностикалық тестілеу туралы анықтама беріледі.
Қазақ тілінен тест қалай өтеді?
Тыңдалым бөлімінде мысалы, карта сатып алып жатқан оқушылар туралы диалогтарды тыңдап, "Олар нені іздеп жүр?" деген сұраққа дұрыс жауап беру керек.
Оқылым бөлімінде тұрмыстық тақырыптар, жаңалықтар туралы мәтіндерді оқып, мазмұны бойынша сұрақтарға жауап беру керек.
Мүгедектігі бар азаматтар үшін қосымша 40 минут беріледі және көмекші немесе сурдоаудармашы беріледі. Бұл үшін мәртебесін растайтын құжатты алдын ала тіркеу керек. Ал тест жауабы 3 күнде келеді.
Тестіден соң онлайн сауалнама толтырады
Қазақ тілінен тест тапсырып болған соң үміткер migration.enbek.kz сайтына кіріп, қазақ немесе орыс тілінде сауалнама толтырады. Онда жеке деректер, құжаттар, отбасы, білімі, тіл білуі, денсаулығы соттылығы бар-жоғы, Қазақстанда туыстары бар-жоғы және неліктен тұрғысы келетіні туралы ақпарат енгізуі керек. Сауалнамадағы әр бөлімге сканерленген құжаттар бекітілуі керек. Сауалнаманы толтырңған азаматқа жеке нөмір беріледі.
Бәрі балдық жүйемен есептеледі
Бұдан әрі қарай балл беріліп, сол бойынша толық қорытынды есептеледі.
• демографиялық көрсеткіш (жас) 110 балға дейін,
• білім деңгейі 150 балға дейін,
• тілдерді білу (қазақ тілі 120-ға дейін, орыс және ағылшын тілдері әрқайсысы 60) 240 балға дейін,
• Қазақстанда оқу/жұмыс тәжірибесі 80 балға дейін,
• шетелде оқу/жұмыс тәжірибесі 80 балға дейін,
• кәсіби құзыреттердің бейімділігі 80 балға дейін,
• қосымша факторлар (Елде туыстарының болуы, 45 жастан асса, отбасы) 200 балға дейін,
• денсаулық 0-ден 1-ге дейін коэффициент (қорытынды нәтижені айтарлықтай төмендетуі мүмкін).
Өту үшін ең төменгі балл – 400.
Егер жалпы балл жеткілікті болса, жүйе "Жеткілікті балл жинадыңыз. Өтінім қабылданды" деп жазады. Балл жеткіліксіз болса қайта өтінім беру 1 айдан кейін, кейін 3 айдан соң, одан кейін 6 айдан кейін ашылады.
Деректер тексеріледі
Балл берілгеннен кейін деректерді Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті 20 жұмыс күнінде тексереді. Олар Қазақстанда соттылық бар-жоғын, терроризммен, экстремизммен, деструктивті діни ағымдармен байланысын, елге кіруге тыйым салуға негіз болатын басқа жағдайларды қарайды. Егер азамат талаптарға сай келсе, ол әңгімелесуге шақырылады. Талаптарға сай келмеген жағдайда қайта өтініш бере алмайтындай бас тарту жасалады.
Соңғысы – әңгімелесу кезеңі
Визасыз режимі бар елдерден келгендерге әңгімелесуді жергілікті әкімдік жүргізеді (көбіне офлайн). Визалық елдерден келгендер үшін Қазақстанның консулдығында немесе елшілігінде (әдетте онлайн видео арқылы) сұхбаттасу ұйымдастырылады.
Әңгімелесу кезеңінде адамның келген ниеті, ел туралы білетіні, жоспары мен шынайылығы ескеріледі делінген. Әңгімелесу кезеңінің қорытындысы екі күнде беріледі. Ал жалпы бағалаудан өткені туралы хабарлама 1 жылға дейін жарамды болады.
Жақсы баға алғандар бүкіл құжатын Халыққа қызмет көсрету орталығына өткізеді. Ал құжаттар 45 күнге дейін қаралады. Мақұлдау берілсе шетелдік азамат тұруға ықтиярхат алады және Қазақстанда тұрақты тұра береді.
Қай елдерде тұрақты тұруға ықтиярхат алу (ВНЖ) үшін тілден тест тапсыру енгізілген?
Германия мемлекеті елде тұрғысы келетін шетелдік азаматтарға неміс тілін А2 деңгейінде білуі керек деген талап қояды. Ал тұруға ықтиярхатты жұмыспен, оқумен, отбасы жағдайы мен бизнес иммиграция себебімен алуға болады.
Ұлыбританияда шетелдік азамат ағылшын тілін B1 деңгейінде білмесе тұрақты тұра алмайды.
Бұл талап Швейцарияда да бар. Швейцария ағылшын тілін B1деңгейінде білмейтін шетелдік азаматқа тұрақты тұруға рұқсат бермейді.
Ал Израиль елінде тұрақты тұруға рұқсат алу процесі бірнеше жылға созылады. Өтініш білдірген адам иврит тілін үйрену курсын өтуі керек.
Аргентина шетелдіктердің тұрақты тұруына испан тілін білуді міндеттейді. Бұған қоса азаматтарға испан тілінің аргентиналық акцентін үйренуіне тура келеді.
Түркияға оқуға барғандар мен түрік тілін үйреніп жүргендер тұрақты тұруға өтініш білдіре алады. Сонымен қатар Түркияда жылжымайтын мүлкі болса да тұра алады. Тек азаматтық алғысы келетін шетелдіктер түрік тілін білуге міндетті.
Америка құрама штаттарында азаматтық алу үшін ағылшын тілін білу қажет, алайда жасына және елде тұру мерзіміне байланысты кейбір ерекшеліктер бар.
Еуропаның көп елдері, атап айтқанда Испания, Португалия, Италия, Чехия, Словакия, Мальта оқу арқылы тұруға рұқсат алуға мүмкіндік береді. Курстар 3 айдан ұзақ уақыт созылса, көбіне студенттік виза беріледі.
Қазақстанда шетелдіктер тұрақты тұру үшін қазақ тілінен тест тапсырады: Бұл талап интеграцияны күшейте ме, әлде көшуге ниеттілерді азайта ма?