Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Талдықорған, Астана және Шымкент қалаларында тұрғын үйді жалға алу бағасының ең жоғары өсімі тіркелді

2024 жылдың желтоқсанның қорытындысы бойынша Қазақстанда жалға алу бағасы айына 1,1% және жылына 7,9% өсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Finprom.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

пәтер

Фото: Pixabay.com

Жылдық динамика бойынша бағаның айтарлықтай өсуі Талдықорғанда (26,6%), Астанада (25,8%) және Шымкентте (18,6%) байқалды. Атырауда баға былтырғы деңгейде сақталса, Алматы мен Түркістанда тұрғын үйді жалға алу бағасы сәйкесінше 0,3% және 1% төмендеді.

Елдің ірі қалалары бойынша желтоқсанда ең көп айлық баға өсімі Астанада (6,1%), Ақтөбеде (5,3%) және Талдықорғанда (4,2%) тіркелді. Атырау, Қарағанды, Қызылорда және Түркістан қалаларында баға 2024 жылғы қараша деңгейінде қалды.

Тұрғын үйді жалға беру бағасы Алматыда, Шымкентте және Өскеменде 0,9%, Қонаевта 1,8%, Ақтауда 2,1%, Оралда 2,2% төмендеді.

2024 жылғы қаңтар-желтоқсанда бағаның ең жоғары жылдық өсімі Талдықорғанда (21,8%), ең төменгісі Павлодарда (0,7%) тіркелді. Ал Алматыда 0,6%, Түркістанда 1,8%, Ақтөбеде 4,8% төмендеген.

Қазақстандағы тұрғын үйді жалға алу құны өткен жылдың желтоқсан айында шаршы метрі – орташа есеппен 4,6 мың теңге.

Алматыда шаршы метріне 5,3 мың теңгеге жалдайды. Одан кейін Астана, Қарағанды, Жезқазған және Шымкентте қымбат.

Тұрғын үйді жалға алудың ең төмен құны Тараз қаласында – шаршы метрі 2,1 мың теңге. 

Фото: Finprom.kz

Numbeo мәліметінше, биыл 16 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда бір бөлмелі пәтерді жалдау құны – қала орталығынан тыс жерде 307,5 доллар, ал қала орталығында 467,7 доллар. Бірінші көрсеткіш бойынша Қазақстан 63-орынға, екінші көрсеткіш бойынша әлемдегі 97 елдің ішінде 56-орынға ие болды.

Мұндай пәтерлерді жалға алудың ең жоғары бағасы Сингапур, Гонконг және Швейцарияда, ал ең төменгісі Бангладеш, Пәкістан және Непалда тіркелді.

ТМД елдерінің ішінде бір бөлмелі пәтерді жалға алу Қазақстанға қарағанда Армения, Молдова және Өзбекстанда қымбатырақ, ал Беларусь, Ресей, Украина және Әзірбайжанда арзанырақ болды.

Талқылау