"Отбасы банк" тұрғын үй жинақтары бойынша жалғыз банк болмайды: Қаржы нарығын реттеу агенттігі заңнамаға өзгеріс әзірледі
Фото: freepik.com
Қазақстанда тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысты ауқымды реформа әзірленіп жатыр. Енді бұл жүйе арқылы халықты несиелендіру тек Отбасы банкпен шектелмейді – оған екінші деңгейлі банктер де қатыса алады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі заңнамаға тиісті түзетулер әзірледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі халық салымдарын тартуды, мемлекеттік сыйлықақыны есептеуді және жеңілдетілген шарттармен ипотекалық несие беруді көздейді. Бүгінгі таңда тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі аясында "Отбасы банк" АҚ ғана несиелендіреді. Несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемелері жылдық 3,5%-дан 5%-ға дейінгі аралықта – бұл нарықтағы ең қолжетімді шарттар.
Алайда, агенттіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жүйеге қатысушылардың шектеулі шеңбері бәсекелестік пен дамуды тежейді. Осыған байланысты агенттік тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі аясында екінші деңгейлі банктерге салымшылардың қаражатын тарту және жинақ бойынша тұрғын үй несиесін беру құқығын беретін заң жобасын әзірледі.
"Заңнамаға үзетулер "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы заңы жобасында қарастырылған. Заң жобасы қазір мемлекеттік органдар қарауында және осы жылдың тамызында мәжіліске енгізу жоспарлануда", – делінген агенттік хабарламасында.
Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюков қаржы нарығын реттеушінің бұл бастамасын қолдап отыр. Оның пікірінше, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі қатысушыларының шеңберін кеңейту тұрғын үй нарығына оң әсер етеді.
"Қандай да бір кері салдар күтпейміз. Егер мұндай шешім қабылданса, әрине, банктерге уақыт қажет болады: олар өз қорларын қалыптастырып, "Отбасы банкінде" қалыптасқандай жүйені құруы керек, содан кейін ғана жұмысқа кірісе алады", – дейді ол.
Микрюков төмендетілген мөлшерлемелермен жаңа бағдарламалардың пайда болуы жылжымайтын мүлік нарығын жандандыратынына сенімді.
"Қолжетімді шарттары бар ипотекалық бағдарламалар саны артады деген үміттеміз. Егер солай болса, төлем қабілеті барлар тарапынан сұраныс өсіп, соңғы айларда қысымға ұшыраған нарық жандана бастайды. Оң үрдістер болады деп күтіп отырмыз: құлдырау тоқтап, даму басталады", - дейді Микрюков.
Бүгінде Ұлттық банктің мәліметі бойынша, "Отбасы банк" 4,56 трлн теңге көрсеткішпен активтер көлемі бойынша төртінші ірі банк саналып отыр. Ипотекалық несиелердің қарыз портфелі 1 мамырдағы жағдай бойынша 3,48 трлн болған. Осы жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша азаматтардың тұрғын үй салу және сатып алу бойынша несие портфелінің көлемі 6,61 трлн теңгеге немесе банк несиесінің жалпы көлемінің 17 пайызына тең болған. Яғни, мемлекеттік банктің ипотека нарығындағы үлесі 52 пайыздан асты.
Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі нарығына жаңа банктердің енуімен жинақтау және несиелендірудің әртүрлі шарттары арасында таңдау жасау мүмкіндігі кеңейеді. Банктер өздерінің тұрғын үй жинақ үлгілерін, вариативті мөлшерлемелерді, сыйлықақылар мен бонустар шарттарын ұсына алады. Бұл бәсекелестікті арттырып, жүйені салымшылар үшін тартымды етеді.
Бұл ретте тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің негізгі қағидаттары өзгеріссіз қалады: салымшы ақшасын жинайды, мемлекеттен сыйлықақы алады, содан кейін жеңілдетілген ипотекаға өтініш береді. Егер бұрын халықтың "Отбасы банкке" хабарласудан басқа амалы болмаса, енді олар бірнеше банктің ұсынысын салыстырып, тиімдісін таңдай алады.

"Аузымыз ашылып қалды": Қазақстандық компания өзінің 110 қызметкеріне Вьетнамға жолдама сыйлап, көпшілікті тәнті етті
