Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда тұрғын үйден сот шешімінсіз мәжбүрлеп шығаруға тыйым салу ұсынылды

тұрғын үйден мәжбүрлеп шығаруға да сот шешімінсіз жол берілмейдіФото: technadzor77.ru

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституция жобасына тұрғын үйден мәжбүрлеп шығаруға сот шешімінсіз тыйым салатын норманы енгізуді ұсынып, азаматтардың баспанаға қатысты құқықтарын күшейту қажет екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Президент Конституцияға ұсынылған өзгерістер азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нақты қорғауға бағытталғанын айтты.

"Түптеп келгенде, ұсынылып отырған өзгерістердің арқауы – бір. Бұл адамдардың және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау. Бұл – жалаң сөз емес. Біз адам құқығының қорғалуына кепілдік беретін және оның нақты жолдары айқын көрсетілетін біртұтас жүйе қалыптастырамыз. Мысалы, адвокаттардың ұсынысымен Ата Заң жобасына адвокатура туралы жеке бап қосылды. Жаңа Конституция жобасында білім беру жүйесіне баса мән беру арқылы мемлекеттің зайырлы сипаты да нақтылана түсті", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ал "Неке – еркек пен әйелдің ерікті және теңқұқылы бірлестігі, яғни одағы" деген тұжырым арқылы қоғамдағы дәстүрлі құндылықтарды сақтап қалу мақсаты көзделіп отыр дейді мемлекет басшысы.

"Конституция жобасында табиғатты қорғау мәселесіне де назар аударылды. Меніңше, бұл өте маңызды нәрсе. Түзетулердің ішіне тағы бір аса қажетті норманы енгізу керек. Қазіргі Конституцияда "Тұрғын үйге қол сұғуға болмайды. Сот шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді" деген ереже бар. Осы ережені "тұрғын үйден мәжбүрлеп шығаруға" да сот шешімінсіз жол берілмейді деп толықтырған жөн. Меніңше, бұл жаңа Конституцияның сипатына толық сай келетін әлеуметтік норма. Конституциялық комиссия мүшелерінен осы ұсынысты қарауды сұраймын", – деді президент.

Оның айтуынша, тұтастай алғанда, негізгі Заң жобасында Қазақстанның қарқынды дамуына, ұлтымыздың ұйысуына қажетті іргелі қағидаттар мен құндылықтар толық қамтылған.



Еске салайық, бұған дейін Жетісу облысында жеке сот орындаушылары 665 миллион теңгелік кірісті жасырғанын жазған едік. Статистикалық деректерге сәйкес, аяқталған атқарушылық өндірістердің нақты көлемі 896,1 миллион теңге болса, ал ұсынылған салық декларацияларында бар болғаны 231 миллион теңге ғана көрсетілген. Айырмашылық 665,1 миллион теңге болған.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 10 Ақпан, 2026 12:20