Қазақстанда түбіртекті кассада қалдыру немесе қоқысқа тастау неліктен қауіпті

Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті азаматтарға сатып алған тауардың түбіртегін кассада қалдырмауға және қоқысқа тастамауға кеңес берді. Мамандардың айтуынша, көпшілік бұл қағазға немқұрайлы қарайды, алайда оны алаяқтар пайдаланып, ақша ұрлауы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Департаменттің мәліметінше, кассада қалған түбіртек алаяқтардың назарын аударып, сатып алушыға да, сауда орнына да қауіп төндіреді. Мысалы, егер сатып алушы тауарды қолма-қол төлесе, алаяқ сол түбіртекті пайдаланып, дәл сондай тауарды заңсыз алып кетуі мүмкін.
Мұндай жағдайда қаскүнем тауардағы қорғаныш құрылғысын шешіп, дүкеннен алып шығады. Егер күзет тоқтатса, ол табылған түбіртекті көрсетеді. Ал түбіртекті қалдырған сатып алушының өзі де күдікке ілініп, тексерілуі мүмкін.
Сонымен қатар алаяқ дүкен қызметкері болуы да ықтимал. Мысалы, кассадағы қызметкер қалған түбіртекті пайдаланып, ақшаны сыбайластарының атына рәсімдеп қайтарып алуы мүмкін. Кейбір сатушылар түбіртектерді өз пайдасына қолдануы ықтимал. Мәселен, қосымша тауарларды енгізіп, оны байқамай төлеген сатып алушы есебінен өзіне алып қалуы мүмкін.
Бұдан бөлек, кассир тауар үшін қолма-қол ақша алып, түбіртек бермей, операцияны жойып жіберуі мүмкін. Бұл жағдайда ақша дүкенге емес, қызметкердің өзіне түседі.
Тағы бір алаяқтық тәсіл жеңілдік карталарымен манипуляция жасау. Демек қызметкер тауарды жеңілдіксіз өткізіп, кейін өз картасымен рәсімдеп, айырмасын қалтаға басуы мүмкін. Егер сатып алушы картамен төлем жасаса, түбіртектегі аты-жөні арқылы алаяқтар оның телефон нөмірін тауып, банк қызметкері ретінде хабарласып, ақшасын алдап алуы мүмкін. Сенімге кіру үшін олар түбіртекте көрсетілген карта нөмірінің соңғы төрт санын айтуы ықтимал.
Алаяқтықтан бөлек, түбіртек ең алдымен тауарды қайтару немесе ауыстыру қажет болған жағдайда керек. Заң бойынша тауарды түбіртек болмаса да қайтаруға болады. Бірақ бұл жағдайда сатып алғаныңызды дәлелдеу қиындайды.
Сонымен қатар, түбіртектер арқылы кэшбэк, бонустар немесе акцияларға қатысу мүмкіндігі бар. Егер түбіртекті қалдырып кетсеңіз, оны басқа адамдар пайдаланып кетуі мүмкін.
Мамандар тек түбіртекті алып қоймай, оны мұқият тексеруді де ұсынады. Дүкендерде баға сәйкессіздігі немесе бір тауардың бірнеше рет соғылуы жиі кездеседі. Бұл кейде қателікпен, кейде әдейі жасалатын іс.
Түбіртекті тексеру арқылы мұндай қателіктерді дер кезінде байқап, дүкен әкімшілігіне жүгінуге болады. Сонымен қатар қолма-қол ақшасыз төлем қабылдаудан бас тарту немесе чек бермеу заң бұзушылық екенін еске саламыз.
"Тапсырыс жоқ, қарыз көбейді": Қазақстандық кәсіпкердің жаңа салық реформасының кесірінен бизнесі шығынға батқан