Қазақстанда тек отандық азық-түлікті сататын дүкен ашылды (фото)
Астанада тек отандық өндірушілердің азық-түліктерін сататын дүкен ашылды. Бұл Қазақстанда ашылған осындай алғашқы дүкен. Еліміз бойынша отандық өнімді ғана саудалайтын тағы 22 дүкен ашу жоспарлануда.
Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.
Сауда өнеркәсібі ассоциоциясының вице-президенті Жібек Әжібаеваның айтуынша, үстеме баға 15 пайыздан жоғары емес екен.
“Мұнда Оңтүстіктен бастап Маңғыстауға дейінгі аралықты қамтитын өз өнімдерімізді кездестіруге болады. 2 мыңға жуық атаумен 300 бренд ұсынылып отыр. Бұл әр аймақтың сүйікті сауда маркалары. Астанада ашылған бұл дүкен “Астана Халық маркасы” деп аталады. Біз тағы осындай дүкендер желісін республика бойынша ашамыз. Әр 22 дүкеннің өзіндік атаулары болады. Осы арқылы Қазақстанның аграрлық мүмкіндіктерін де паш етсек дейміз”, – дейді “Халық маркасы” жобасының жетекшісі Римма Тәжібаева.
Азық-түлік маркеті Қошқарбаев, 41 мекен-жайында орналасқан. Былтырғы жылы Күмісбеков көшесінде жеңіл өнеркәсіптік отандық өнімдерді саудалайтын универмаг ашылған еді.