Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда “Тақтар ойыны” немесе “Кальмар ойыны” фильмдері ЛГБТ насихаты анықталса бұғатталады

фильмВидеодан скрин

Дәстүрлі емес қатынастарды насихаттайтын контентке 18+ таңбасы қойылады. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов хабарлады. Оның айтуынша, бұл өзгеріс тиісті түзетулер күшіне енгеннен кейін жүзеге асырылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Кочетовтың айтуынша, құжатта материалдардың жаңа нормаларға сәйкестігін анықтау үшін сараптама жүргізу қарастырылған. Заңды бұзғаны үшін 40 айлық есептік көрсеткішке дейінг айыппұл салынады немесе 10 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Нормаларды бұзды деп танылған контент, соның ішінде онлайн-платформалардағы материалдар бұғатталатын болады.
Фильмдер мен сериалдардың құқық иелеріне қажетті өзгерістер туралы хабарланады.

Ата-аналарға айыппұл салу жоспарланбаған. Жеке көріністердің бар-жоғына емес, бағалау өлшемшарттарына сүйене отырып шешім қабылданады.

Түзетулерге сәйкес, материалдарға, соның ішінде фильмдер мен сериалдарға белгіленген нормаларға сәйкестігіне сараптама жүргізіледі.

Дәстүрлі емес қатынастарды насихаттайтын элементтері бар фильмдерге 18+ таңбасы бар прокат куәлігі беріледі және олар тек ересектерге арналған болып есептеледі.

Егер заңбұзушылықтар анықталса, фильмнің прокат куәлігі қайтарып алынуы мүмкін.

Тыйым салынған контентті таратқаны үшін 40 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу қарастырылған. Мұндай контентті көрсететін немесе тарататын ұйымдарға жауапкершілік жүктеледі, ал көрермендер мен кәмелетке толмағандардың ата-аналарына шара қолданылмайды.

"Егер “Тақтар ойыны” немесе “Кальмар ойыны” фильмдерінде ЛГБТ қауымдастығына оң көзқарас білдіруге шақыру болса, сараптама жүргізіліп, тиісті шешім қабылданады, ал құқық иелерімен әңгіме жүргізіледі", - деп түсіндірді Кочетов.

Журналистер вице-министрден әлеуметтік желідегі каминг-аут (жеке мойындау) ЛГБТ насихаты болып санала ма деп сұрады.

"Жоқ, бұл насихат болып саналмайды, бірақ адамның сөзіне назар аудару керек. Мысалы, “Дәстүрлі өмірде мен бақытсыз болдым, ал енді ең бақытты жанмын. Сондықтан барлығыңызға да солай істеуді ұсынамын” десе, бұл насихат ретінде қабылдануы мүмкін", – деді ол.

Адам құқықтарын қорғаушылар мен әлеуметтік желі қолданушылары бұл түзетулерді Ресей заңнамасымен салыстырады, онда да ЛГБТ насихатына тыйым салынған.

Алайда Кочетовтың айтуынша, мұндай салыстыру дұрыс емес.

"Ресейде ЛГБТ ұғымы мемлекеттік саясат пен мәдени-рухани құндылықтарды қорғау жөніндегі негізгі құжаттарға енгізілген. Ол жеке өмір мәселесі емес, дәстүрлі құндылықтарға төнген қауіп ретінде қаралады. Ресей заңнамасы бойынша ЛГБТ насихатына тыйым тек балаларға ғана емес, жалпы қоғам деңгейінде қолданылады", - деді вице-министр.

Оның айтуынша, Ресейде “ЛГБТ” сөзін кез келген түрде қолдану насихат болып есептеледі, ал Қазақстанда насихат деп "біржынысты сексуалдық қатынастарды қоғамда оң бағалауға итермелеу" бағаланады.

"Біз ешкімді шектемейміз және бұл ұғымды ешқандай негізгі құжаттарға енгізбейміз. Мұндағы мақсат тек балаларға бұл идеологияны таңуға жол бермеу", - деп түсіндірді Кочетов.

Жаңа заңның сақталуын ІІМ бақылайды, нақтырақ айтқанда, біржынысты қатынасты насихаттау белгілерін анықтайтын мамандар бұл іспен айналысады.

Журналистердің айтуынша, заң жобасы қазақстандық құқық қорғаушылар мен ЛГБТ өкілдерінің құқықтарын қорғаумен айналысатын ұйымдарға, соның ішінде Feminita феминистік бастамасына қауіп төндіруі мүмкін.

"Егер жоғарыда аталға үкіметтік емес  ұйымдар біржынысты қатынастарды насихаттамаса, олар жауапқа тартылмайды. Егер олар әлемде бар құбылыстар туралы жай ғана ақпарат берсе, ешқандай жаза қолданылмайды", - дейді Кочетов.

Сондай-ақ ол министрлікке ЛГБТ өкілдері осы тақырыптарды ашық талқылайтын интернеттегі түрлі топтарды бұғаттау туралы көптеген өтініш түсіп жатқанын айтты.

Айта кетейік, бұған дейін ЛГБТ насихатына тыйым салуға қатысты депутаттар мен белсенділер пікір білдірген болатын. Қазақстанда мәжіліс ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салатын заңды қабылдады.

 

 

Айнұр Мұхади
Сәрсенбі, 12 Қараша, 2025 18:17
Талқылау