Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда такси қызметінің ережелерін түбегейлі өзгерту ұсынылды

Жаңа Салық кодексі: Қазақстанда такси қызметі 40 пайызға қымбаттайдыФото: depositphotos.com

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Қазақстанда "такси жүргізушісі" деген ресми ұғымды енгізіп, такси жүргізушілерінің мәртебесін, құқықтары мен міндеттерін заңмен бекітуді ұсынды. Осыған байланысты ол Көлік министріне депутаттық сауал жолдады.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, бүгінде елімізде жолаушы тасымалдау саласында 500 мыңнан астам такси жүргізушісі жұмыс істейді. Алайда бұл  ресми емес деректер. Себебі сервистер жүргізушілер туралы нақты ақпарат ұсынбайды, дегенмен олар "күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды".

"Бұл адамдардың тағдыры, олардың өмірі мен денсаулығын біз заңнамалық деңгейде қорғауға тиіспіз", - деді ол.

Депутаттың айтуынша, қолданыстағы заңдарда әлі күнге дейін заманауи сервистердің жұмысын толық көрсете алмайтын кеңестік кезеңнен қалған ескі терминдер бар. Әр сапарда жолаушылар мен жүргізушілердің денсаулығы тиісті деңгейде қорғалмай отыр.

"Негізінде, олардың қызметі “сұр аймақта” қалып отыр. Жауапкершілік, қауіпсіздік стандарттары, алгоритмдердің ашықтығы, сақтандыру, жолаушылар мен жүргізушілердің құқықтарын қорғау мәселелері құқықтық алаңнан тыс қалған", - деді депутат.

Ол Қазақстанда "такси жүргізушісі" деген нақты анықтама жоқ екенін, кімнің не үшін жауап беретінінің, жүргізуші мен таксопарктің құқықтары мен міндеттерінің айқындалмағанын атап өтті. Соның салдарынан такси жүргізушілері әлеуметтік тұрғыда қорғалмай отыр.
Сондай-ақ, депутат күнделікті медициналық тексеруден өту талабы формальды сипатқа ие болып, іс жүзінде орындалмайтынын айтты.

"Нәтижесінде тапсырыстарды жүргізуші куәлігі жоқ адамдар да орындай алады, ең қауіптісі  рульі оң жақта орналасқан көліктермен жоғары жылдамдықпен қалааралық тасжолдарда жүретіндер бар. Кейбір агрегаторлар сапардың нақты құнын көрсетпейді. Қолма-қол емес төлем жасау мүмкіндігі жоқ. Кейбір қосымшаларда жедел қызметтерді шақыру жүйесі мен клиентпен тәулік бойы байланыс орнататын қолдау қызметі қарастырылмаған", - деді мәжілісмен.


 


 

Елнұр Бейсенбаев депутаттық сауалында мыналарды ұсынды: 

-    агрегаторларды әрбір сапар үшін жолаушылар мен жүргізушілердің өмірі мен денсаулығын сақтандыруға міндеттеу;
-    "такси жүргізушісі" деген ресми анықтама енгізіп, олардың мәртебесін, құқықтары мен міндеттерін заңмен бекіту; жүргізушінің тапсырысты өзі орындауын және ең төменгі санитарлық талаптарды сақтауын міндеттеу;

-    формальды күнделікті тексерудің орнына тұрақты медициналық тексерулер жүргізіп, бақылауды Денсаулық сақтау министрлігінің жүйелері арқылы автоматтандыру;

-    жолаушыларды сапардың нақты құны туралы хабардар ету, жылдамдық пен маршрутты бақылау, жүргізуші мен көлік деректерін мемлекеттік дерекқорлар арқылы тексеру.

Рая Мінәп
Сәрсенбі, 17 Желтоқсан, 2025 15:00