Қазақстанда екінші АЭС салынатын орын таңдалып жатыр: Премьер-министр мәлімдеме жасады
Үкіметтің кеңейтілген отырысында премьер-министр Олжас Бектенов елдегі АЭС құрылысына қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
"Алдағы уақытта Алматы облысында алғашқы АЭС-тің құрылысына қатысты тиісті келісімшарттарға қол қойылады. Сондай-ақ екінші АЭС салынатын ықтимал орынды анықтау үшін аймақтарға жүргізілген сараптама аяқталады", – деді премьер-министр.
Үкімет басшысы үш жылу электр орталықтарын салу бойынша жобалар басталғанын айтты. Жаңа ЖЭО Көкшетау, Семей мен Өскеменде салынып, 2032 жылы қолданысқа беріледі.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев елде екі үлкен АЭС салу керегін айтқан еді. Осылайша Қазақстан ядролық энергетикасы дамыған елге айналу керек дейді.
Еске салайық, Астанада Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен кеңейтілген үкімет отырысы өтіп жатыр. Сөз басында Тоқаев үкімет пен әкімдердің жұмысы қаншалықты тиімді екенін алдымен экономиканың даму көрсеткіштері мен азаматтардың тұрмыс сапасына қарай бағалайтынын айтқан.
“Осы жұмыстың нәтижесі былтыр қандай болды? Негізгі міндеттер орындалды ма? Бүгін осы сұрақтарға тоқталамыз және жақын арада шешімін табуға тиіс өзекті мәселелерді талқылаймыз", – деді Тоқаев.