Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда суррогат аналардың шетелдіктерге бала туып беруіне тыйым салынуы мүмкін

Елде суррогат аналарға шетелдіктерге бала туып беруге тыйым салынуы мүмкінФото: Freepik.com

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев қазақстандық әйелдерге шетел азаматтары үшін суррогат ана болуға тыйым салынатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Былтыр жыл соңында депутат Гүлдара Нұрымова Гүлдара Нұрымова суррогат ана тақырыбында бірқатар шаралар қабылдап, соның ішінде қазақстандық суррогат аналардың қызметін шетел азаматтарына көрсетуге тыйым салуды ұсынған еді. 

Оның айтуынша, реттеудің салыстырмалы түрде жеңіл болуы Қазақстанды репродуктивтік туризм үшін тартымды елге айналдырып отыр.

“Халықаралық суррогат аналық жағдайларында ата-аналықты анықтау, азаматтық беру және баланы заңды түрде тану мәселелеріне байланысты даулар мен сот процестері жиі туындайды. Ең үлкен қауіп ата-аналықтың өзара танылмауы, бұл баланың азаматтығы болмауына немесе құқықтық мәртебесінің белгісіз болып қалуына әкелуі мүмкін”, – деді ол депутаттық сауалында.

Бұл ұсынысқа Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жауап берді. Ол бүгінде қазақстандық суррогат аналардың қызметін еліміздің азаматтары да, шетелдіктер де қолдана алатынын растады.

Оның сөзінше, осыған байланысты халықаралық суррогат ана болу тәжірибесінде түрлі қақтығыстар мен сот процестері жиілей бастаған. Сондықтан тапсырыс беруші мен қыз-келіншектер арасындағы келісімді жасайтын рекрутингтік агенттіктерге лицензия беру мәселесі де көтерілді. 

“Бүгінде суррогат ана қызметтерін тек Қазақстан Республикасының азаматтарына көрсету нормасынаөзгерістер енгізу қажеттілігі туындап отыр. Түзетулерді Денсаулық сақтау министрлігі “Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы” кодекске әзірледі және қазір мүдделі мемлекеттік органдармен келісу сатысында. Келісуден өткеннен кейін бұл түзетулер белгіленген тәртіппен Парламентке енгізіледі”, – деді Қанат Бозымбаев.

Мұндай жағдайлардың көбейгенін мамандар да растап отыр.

“Қаншама жағдайларды естіп, көріп жатырмыз. Әйелдер шетелден, әсіресе Гүржістаннан жүкті болып келеді. Ол жақтағы орталық банкрот болып, әйелдердің ақысын төлемей қойып жатады. Ал әйелдер не істерлерін білмей қалады”, – дейді репродуктолог Гүлсім Әбенова “Информбюроға” берген сұхбатында.

Әзірге шетел азаматтары Қазақстанда суррогат аналардың қызметіне жүгіне алады. 

Айта кетейік, бұған дейін қазақстандықтардың шетелдіктерге суррогат ана болуына тыйым салу ұсынылғаны хабарланған еді.

Балнұр Жұмаділла
Бейсенбі, 29 Қаңтар, 2026 23:52