Қазақстандықтар Илон Масктың интернетін заңды түрде қолдана алады: Министрлік мерзімін атады
Фото: Keystone Press Agency
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Starlink компаниясы (SpaceX-тің еншілес құрылымы) спутниктік интернет қызметін Қазақстан аумағында ресми іске қосу туралы келісімге қол қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің дерегінше, SpaceX компаниясының еншілес ұйымы — Starlink Қазақстан халқы үшін спутниктік терминалдарды сата бастайды.
"Жобаның іске қосылуы 2025 жылдың үшінші тоқсанына жоспарланып отыр. Бұл бастама еліміздің шалғай және қолжетімсіз өңірлерін жоғары жылдамдықты спутниктік интернетпен қамтамасыз етуде маңызды қадам болмақ", – деп мәлімдеді министрлік.
Starlink жүйесі арқылы қосылу арқасында талшықты-оптикалық желілерді тарту экономикалық немесе техникалық тұрғыда қиын аудандарда сапалы байланысқа қол жеткізу мүмкіндігі туады деген болжам бар.
"Бүгінге дейін Starlink Қазақстанда пилоттық режимде жұмыс істеп, интернетті тек мектептерге ұсынды. Халық үшін ресми түрде қолжетімді болмаған. Енді біз келісімге қол жеткіздік: компания ақпараттық қауіпсіздік пен байланыс саласындағы заңнама талаптарының барлығын орындауға келісті", – делінген министрлік хабарламасында.
Министр Жаслан Мадиевтің айтуынша, биыл олар барлық қажет шараларды жүзеге асырады. Сөйтіп қазақстандықтар спутниктік интернетке ресми әрі заңды түрде қосыла алады.
Енді Қазақстан азаматтары заң аясында Starlink спутниктік терминалдарын сатып алып, пайдалануға және тіркеуге мүмкіндік алады. Спутниктік интернетке арнайы пайдаланушы құрылғылары (терминалдар) арқылы қосылуға болады.
Айта кетейік, биыл сәуірде Илон Масктың интернетін (Starlink) Қазақстанда пайдаланғаны үшін айыппұл салынатыны туралы жазған едік.
Яғни, тыйымды бұзғаны үшін Қазақстанның әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (ӘҚБтК) 637-бабының 12-бөлігіне сәйкес жаза қарастырылған. Айыппұл мөлшері 2025 жылы:
- Жеке тұлғалар үшін – 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), яғни 19 660 теңге;
- Лауазымды тұлғаларға, жеке кәсіпкерлерге, шағын бизнес пен коммерциялық емес ұйымдарға – 20 АЕК немесе 78 640 теңге;
- Орта және ірі бизнес субъектілеріне – 40-тан 80 АЕК-ке дейін, яғни 157 280 – 314 560 теңге аралығында.
Бұған дейін Цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев Starlink жүйесін Қазақстанда енгізудің шарттары туралы мәлімдеген еді. Сондай-ақ бұл байланыс түрі Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылымдарында қолданылуы мүмкін екені де айтқан еді.

"Күйеуім бала көтертпеу үшін вазэктомия жасатты": Екі баласымен корей азаматына күйеуге шыққан әйелдің өмірі қалай өзгерді
