"1500-ден астам бала анасыз қалды": Қазақстанда сотталған әйелдерге амнистия жариялау ұсынылды
Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден депутаттық сауал жолдап, елде сотталған әйелдерге амнистия жариялауды ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Depositphotos.com
Қарақат Әбден өз сөзінде Қазақстан қылмысқа қатысты саясатты гуманизациялау бағытын ұстанады деп мәлімдеді.
“Сондықтан Ауыл партиясының фракциясы сотталған әйелдердің жасаған қылмысы зорлық-зомбылық жасаумен байланысты болмаса, қоғам үшін қауіп төндірмейтін болса, ондай әйелдерге амнистия жасау мүмкіндігін қарастырып көруді ұсынады. Мұндай шара әлеуметтік әділдік орнатуға, отбасы құндылығының нығаюына және өмірде қиын жағдайға тап болған әйелдердің дұрыс жолға түсуіне жағдай жасауға мүмкіндік береді. Көп жағдайда отбасыдағы бала тәрбиесі әйелдердің мойнында. “Ана алақанның аясы, ақ шынардың саясы” деген сөз бар.
Бүгінде 2336 әйел бас бостандығынан айырылған, олардың жартысы — аналар, оның ішінде 250-і көпбалалы аналар. 1500-ден астам бала анасыз қалып, аналарымен қауышуды күтіп жүр. 100-ге жуық сәби балалар үйіне жіберілген. Бұл жай ғана цифр емес, бұл – ойран болған отбасылар, бұзылған тағдырлар, ең сорақысы ана жылуынан айырылған сәбилер”, – деді ол.
Депутаттық сауалда әйелдерге амнистия жариялаудың бірнеше критерилері де ұсынылды. Олар:
- зорлық-зомбылыққа қатысы жоқ қылмысы үшін сотталған әйелдер;
- жүкті әйелдер мен кішкентай баласы бар әйелдер;
- көпбалалы әйелдер;
- алғаш сотталған әйелдер;
- жасы ұлғайған (60-тан асқан) әйелдер.
“Ал ауыр қылмыс, аса ауыр қылмыс жасап, зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыс жасап, сол үшін сотталған, қоғамға қауіп төндіретін әйелдерге амнистия жасалмайды. Бұл мәселеде халықаралық тәжірибе жеткілікті.
Мәселен, Қырғызстанда әйелдерге 1996 жылдан бері 3 рет амнистия жасалған. Өзбекстанда 2013 жылы амнистия жасалып, әйелдер мен кәмелетке толмағандар босатылды. Ресей президенті 2023 жылы әйелдерге амнистия жасау туралы идеяны қолдады. АҚШ-тың кейбір штаттарында әртүрлі қылмыс жасап, сотталған әйелдерге бірнеше рет амнистия жасалды. Жалпы әйелдерге амнистия жасалса, еліміздің пенитенциарлық жүйесіне жүктеме азаяды; балалар үйлеріне түсетін жүк төмендейді; әлеуметтік шиеленіс азаяды; мемлекетіміздің адам құқықтары мен отбасыны қорғау саласындағы халықаралық стандарттарды ұстанатынын растауға мүмкіндік туады”, – деп қосты ол.
Депутат сауалы негізінде Ішкі істер министрлігін осы мәселе бойынша ресми позициясын ұсынуды сұрады.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік