"Нан сатқандай таратып жатыр": Қазақстанда SIM-карталардың саудасын қысқарту ұсынылды
Бүгін заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің отырысында мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантай қазақстандықтарға SIM-карта сатуды шектеу ережелерін ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: ferra.ru
Оның сөзінше, бұл интернет алаяқтықпен күресуге септігін тигізуі мүмкін.
"Павлодар облыстық полиция департаментінің өкілдерімен, арнайы мамандарымен кездескенде SIM-карта беруді шектесеңіздер деген ұсыныс айтылды. Қоғамда оны кез келген дүкеннен сатып алуға болады. Бір кісі бірнеше SIM-карта ұстап жүре береді. Ал кей елдің тәжірибесінде оны тек байланыс операторының филиалынан ғана сатып алуға болады. Жекелеген дүкендер мұны нан сатқандай таратып сата бермейді. Осыған шектеу қойсаңыздар. Мамандар бір кісіге кем дегенде екі немесе үш сим-картадан артық берілмесе, үлкен көмек болатын еді деп отыр. Осы мәселені қарастыруға бола ма?", – деп сұрады депутат комитет отырысында.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілі Руслан Әбдіқалықов телекоммуникация комитетіндегі әріптестері осы мәселені көтеріп, байланыс операторларымен талқылағанын атап өтті.
"Шын мәнінде, қазір басқа модель, яғни оны сәйкестендіруді (активизация) ұсынып отырмыз. Себебі шектеу енгізілсе, оны біреуге қайта сататын адамдар пайда болуы мүмкін. Бізде адамдардың "іскер" екенін білесіздер. Сондықтан мемлекет тарапынан қажетсіз шектеу туғызбас үшін біз адам санын анықтап, содан кейін ғана SIM-активация жасауды ұсынамыз. Қазір мұндай ұсыныс қарастырылып жатыр", – деді басшы.
Ол бір адамға 5 SIM-карта жеткілікті болар еді деген ұсыныс айтқанын атап өтті.
“Байланыс операторлары бұл идеяны қолдамады. Мәселен, бір ЖШС 1000 SIM-карта сатып алды дейік. Бірақ бұл SIM-карталар адамдар биометриялық идентификациядан өткеннен кейін ғана іске қосылады. Себебі сонда ғана бұл SIM-карта кімнің атында екені көрінеді. Біздің ойымызша, бұл әлдеқайда дұрыс болар еді. Яғни ешқандай шектеу болмайды. Бұл әзірге тек ұсыныс", – деді спикер.
Спикердің бұл сөзіне депутат ашуланып кетті.
"Біз операторлардан неге ақыл сұрауымыз керек? Халықтың миллиардтап зардап шегіп отырғанын көріп отырмыз ғой. Біз операторларға неге ұсыныс айтамыз? Біз шешім қабылдауымыз керек. Әрине, оларға SIM-карталардың көптеп сатылғаны тиімді, олар қарсы болады. Face ID-ден өту керек деп отырсыз. Жасанды интеллект көмегімен адамның түр-келбетінен бөлек, дауысын көрсете салу білікті немесе орта білімді IT-мамандарына түкке тұрмайды. Оны да айналып өтіп кетеді. Сондықтан байланыс операторларынан ақыл сұрамай, өзіміз шешім қабылдауымыз керек", – деді мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантай.
Бұған дейін депутаттар алаяқтарға алданған қазақстандықтардың шығынын банктерге өтетуді талап еткен еді.