Қазақстанда SIM-карта сатып алудың жаңа ережесі енгізіледі
Үкіметте қолжетімділікті бақылау, SIM-карталар мен кибералаяқтарға қарсы іс-қимыл шаралары қарастырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов интернет алаяқтық пен азаматтардың дербес деректерінің сыртқа шығуына қарсы күрес шараларына тоқталды.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев онлайн алаяқтыққа қарсы іс-қимылға мүдделі мемлекеттік органдар мен құқық қорғау құрылымдары тартылғанын баяндады.
Бүгінде дербес деректерге қол жеткізуді бақылау мемлекеттік қызметі іске қосылды. Оған мемлекеттік ақпараттық жүйелердің 70%-дан астамы қосылған. Сервис деректерге азаматтың келісімін алғаннан кейін ғана қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сitizensec. kz и NomadGuard. kz ақпараттық интернет-ресурстары құрылды.
Алаяқтар қоңырауларын анықтау және бұғаттау үшін алаяқтардан қорғау орталықтары құрылды. Олар Ұлттық банктің антифрод орталығымен біріктірілген.
"Жаңа SIM карталарды сатып алу кезінде биометриялық тіркеу, сондай-ақ SIM карталарды үшінші тұлғаларға заңсыз беру бойынша жауапкершілік енгізіледі. "Стоп-кредит" қызметі іске қосылды және оны халық белсенді түрде пайдаланып жатыр", — деп атап өтті министр.
Сонымен қатар дербес деректерді қорғауды бұзғаны және SIM-бокстарды заңсыз пайдаланғаны үшін жауапкершілік заң жүзінде күшейтілді. Сондай-ақ алаяқтардың әрекетін қиындату үшін бірқатар шара әзірленіп, қазір парламент депутаттарының қарауында жатыр.