Қазақстанда президент пулында қызмет еткен журналист Ресей әскерін қолдау үшін қаржы жинап жатыр – БАҚ
Бұрын Қазақстанда қызмет еткен журналист Ярослав Красиенко ресейлік әскерилерге қолдау ретінде қаржы жинап жатыр. Бұған дейін Красиенко 20 мың долларға жуық қаржы аударып үлгерген деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Ярослав Красиенконың Ресей әскерін қолдау үшін қаржы жинағаны туралы украиналық БАҚ өкілдері жазған.
Журналист Азамат Майтановтың деректеріне сәйкес, Ярослав Красиенко 2014 жылы ресейлік арнайы қызметтің қатарына қосылып, Украина мен Қазақстанда насихат жұмыстарын жүргізеді.
"Украинадағы соғыс басталғалы бері ресейлік басқыншыларды қолдауға арналған "ЗаЩИТа" мен "НФ. Все для Победы" қорларына 20 мың доллардан аса қаржы аударған. Сонымен қатар А.Сладковпен тығыз қарым-қатынас орнатып, ресейлік әскер үшін жабдықтар және техника сатып алуға қаржы жинап жатыр", – деп жазды журналист.
"Ищи своих" Telegram-арнасының мәліметінше "Вести-Москва" және "Россия 1" арналарында қызмет ететін Красиенконың банк аударымдары жарияланған.
Айта кетейік, Ярослав Красиенко Қазақстанда КТК арнасының астаналық бюросының директоры қызметін атқарған. Сонымен қатар президент пулында жұмыс істеп, "Портрет Недели" бағдарламасын жүргізген.