Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қамыс пен ауыл шаруашылық қалдықтарынан экоқаптама өндіріледі

Фото: freepik.com

Қазақстанда қамыс пен ауыл шаруашылығы қалдықтарынан экологиялық таза, биоыдырайтын қаптама әзірлеу басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Биоыдырайтын полимерлі композиттер жасауға бағытталған жаңа жоба туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады. Болашақта бұл экологиялық қаптаманы тамақ өнеркәсібінде, медицинада, құрылыс пен логистика саласында қолдану көзделіп отыр. Зерттеу жұмыстарын Utebayev University ғалымдары 2025–2027 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру аясында жүргізуде.

Осы мақсатта университетте халықаралық ғылыми зертхана ашылды. Онда қайта өңделген өсімдік шикізаты арнайы құрылғылар арқылы пластик құрамына енгізіледі. Министрлік өкілдерінің айтуынша, бұл әдіс қаптаманың табиғатта ыдырау уақытын қысқартып, жергілікті ресурстарды пайдалану арқылы өндіріс шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. 



Жобаға қазақстандық мамандармен бірге Ясин Канбур –  Karabuk University профессоры да қатысуда. Қазіргі таңда зертхана материалдардың құрамын тексеруге арналған заманауи құралдармен жабдықталуда. Ғалымдар оларды термиялық талдау, электрондық микроскопия әдістерімен зерттеп, ультракүлгін сәулеге төзімділігін де сынақтан өткізіп жатыр. 

STAN.KZ
Дүйсенбі, 23 Ақпан, 2026 10:03