Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға жеңілдетілген салық режимін 40 қызмет түрі бойынша қолдануға рұқсат берілді

Фото: freepik.com

Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режимін қолдануға рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізімі бекітілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Құжатқа 40 қызмет түрі кіреді.

“Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнаулы салық режимін қолдануға рұқсат етілген қызмет түрлерінің Қоса беріліп отырған тізбесі бекітілсін”, – делінген Үкімет қаулысында. 

Тізімге келесі қызмет түрлері кіреді:

Мал шаруашылығын дамытуға ықпал ететін қызмет;
Музыкалық аспаптар өндірісі;
Сырлау-әрлеу (штукатур) жұмыстары;
Столярлық және ағаш ұсталық жұмыстары;
Еден жабу және қабырғаларды қаптау;
Бояу және әйнектеу жұмыстары;
Желі маркетингі арқылы бөлшек сауда;
Такси қызметі;
Басқа пошта және курьерлік қызмет (өзге пошта қызметін қоспағанда);
Дайын тамақты жеткізу қызметі;
Өз меншігіндегі немесе жалға алынған тұрғын үйді жалға беру (субаренда) және басқару;
Фотоқызметтер;
Ауызша және жазбаша аударма қызметі;
Ветеринариялық қызмет;
Жеке тұтыну және тұрмыстық тауарларды жалға беру және лизинг;
Тұрғын үйлерді жалпы тазалау;
Интернет-платформалар арқылы көрсетілетін өзге де көмекші коммерциялық қызметтер (басқа топтарға кірмейтін);
Спорт және демалыс саласындағы білім беру;
Мәдениет саласындағы білім беру;
Басқа топтарға кірмейтін өзге білім беру қызметі;
Көркем және әдеби шығармашылық;
Компьютерлер мен перифериялық құрылғыларды жөндеу;
Байланыс жабдықтарын жөндеу;
Электронды тұрмыстық техниканы жөндеу;
Тұрмыстық құрылғыларды, үй және бақша жабдықтарын жөндеу;
Аяқ-киім жөндеу;
Табиғи және жасанды былғарыдан жасалған жол және галантерея бұйымдарын жөндеу;
Жиһаз және интерьер заттарын жөндеу;
Қол сағаттары және басқа да сағаттарды жөндеу;
Зергерлік бұйымдарды жөндеу;
Трикотаж және тоқыма бұйымдарын жөндеу;
Тігін бұйымдарын, бас киімдерді және тоқыма галантерея бұйымдарын жөндеу;
Теріден және былғарыдан жасалған бұйымдар мен бас киімдерді жөндеу;
Музыкалық аспаптарды жөндеу;
Кілемдер мен кілем бұйымдарын жөндеу;
Велосипед жөндеу;
Өзге де жеке тұтыну және тұрмыстық тауарларды жөндеу (басқа топтарға кірмейтін);
Шаштараз және сұлулық салондары қызметтері;
Үй шаруашылықтарының үй қызметшілерін жұмысқа жалдауы;
Үй шаруашылықтарының өз қажеті үшін тауарлар өндіруі.

Қаулы 2026 жылы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. 

18 қарашада Мемлекеттік кірістер комитетінің Арнаулы салық режимдерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Ерканат Шынберген 2026 жылы жеңілдетілген режимде жұмысын жалғастырғысы келетін қазақстандық кәсіпкерлер салық органдарына хабарлама тапсыруы керегін айтқан еді.

Жаңа Салық кодексіне сәйкес, қарапайым декларация негізіндегі арнайы салық режимі тыйым салынған қызмет түрлерінен басқа барлық кәсіп иелеріне қолжетімді болады.

Ерканат Шынбергеннің айтуынша, 2026 жылы да осы жеңілдетілген режимде жұмыс істегісі келетін немесе оның талаптарына сай келетін кәсіпкерлер міндетті түрде хабарлама тапсыруы керек.

“2026 жылы 1 қаңтардан бастап 1 наурызға дейін екі ай уақыт беріледі. Осы екі ай ішінде салық төлеушілер жеңілдетілген режимді таңдау туралы хабарламаны өздерінің тіркелген жері бойынша салық органына ұсынуға міндетті. Егер хабарлама белгіленген мерзімде тапсырылмаса, 1 наурыздан бастап оларды жалпыға бірдей белгіленген тәртіпке көшіреміз”, – дейді Ерқанат Шынберген.

Сонымен қатар, Ерканат Шынберген қазақстандықтар үшін мұндай хабарламаларды оңай тапсыруға мүмкіндік беретін сервис әзірленетінін хабарлады. Құжатты банк қосымшалары арқылы бір батырмамен жіберу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Мұндай қызмет құру мәселесі пысықталып жатыр екен. 

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 26 Қараша, 2025 11:26
Талқылау