Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда орташа айлық жалақыға қанша жанармай сатып алуға болады

Қазақстанда орташа айлық жалақыға 1,2 мың литр бензин сатып алуға болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еnergyprom.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: pixabay.com

Басылымның дерегінше, 2024 жылдың қаңтар–тамыз айларында Қазақстанда 3,5 миллион тонна мотор отыны өндірілді. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,8%-ға артық. Өндірістің көп бөлігі үш негізгі өңірге — Шымкент, Атырау және Павлодар облыстарына тиесілі: сәйкесінше 1,3 миллион, 1,2 миллион және 980,4 мың тонна жанармай. Бұл өңірлерде Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттары орналасқан.

Еліміздегі жанармай бағаларына келсек, 2024 жылдың тамыз айында жылдық өсім 0,8%-ға тең. Әрбір бензин маркасы әртүрлі динамика көрсетті: АИ-98 маркасы жыл ішінде 13,1%-ға қымбаттады, АИ-95/АИ-96 – 5%-ға өсті, ал АИ-92 бағасы өзгеріссіз қалды. Өңірлер арасында бағаның ең жоғары өсуі Батыс Қазақстан облысында байқалды: 2,8%. 14 өңірде бензин бағасы қымбаттады. Ал Алматы облысында баға өткен жылдың тамыз деңгейінде сақталды. Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарында және Шымкентте жанармайдың бағасы аздап төмендеді.

Сонымен қатар 2024 жылдың тамыз айындағы АИ-92 маркалы жанармайдың орташа бағасы – 202 теңге, АИ-95/АИ-96 – 254 теңге, АИ-98 – 292 теңге болды.

Numbeo деректеріне сәйкес, 2024 жылғы 27 қыркүйектегі жағдай бойынша, Қазақстанда орташа айлық жалақыға 1,2 мың литр бензин сатып алуға болады. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан әлемдегі 97 елдің ішінде 32-орында тұр. ТМД елдері арасында Қазақстан көш бастап тұр. Мысалы, Ресейде бір айлық жалақыға 953 литр бензин, Әзірбайжанда – 702,9 литр, Беларусьте – 696,4 литр, Өзбекстанда – 442,2 литр, Молдовада – 434,2 литр, Арменияда – 433,4 литр, Украинада – 301 литр бензин сатып алуға болады.

Фото: Numbeo

ТМД елдері арасында ең қымбат бензин Молдова мен Арменияда (литріне 1,4 доллар), Украинада (1,3 доллар) және Өзбекстанда (1 доллар) тіркелді. Ең арзан бензин Беларусьте (0,7 доллар), Әзірбайжан мен Ресейде (0,6 доллар). Қазақстанда жанармайдың бір литрі 0,5 доллар.



Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда автогаз құны жанармай бағасымен теңестірілетінін жаздық. Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов 2025 жылы Қазақстанда автогаз бағасы тағы да көтерілетінін айтты. Ол ел нарығында сұйытылған мұнай газының тапшылығы бар екенін растады. Себебі автокөлік иелері арзан отынға белсенді түрде көшіп жатыр.

Талқылау