Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда шетелдік маркетплейстерден тапсырыс берудің жаңа ережелері енгізіледі

Қазақстанда онлайн саудаға жаңа ережелері енгізіледі

Фото: depositphotos.com

Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі шетелдік маркетплейстер арқылы жеке тұлғалар тапсырыс беретін тауарларды әкелудің жаңа ережелерін бекітті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұл ереже Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден, яғни Қытай, АҚШ немесе Еуропа мемлекеттерінен жасалатын интернет сатып алуларға қатысты.

Қабылданған шешімге сәйкес, бажсыз сауда шегі 200 еуро көлемінде белгіленді. Яғни, 200 еуроға дейінгі тауарлар бұрынғыдай кедендік баждар мен салықтарды төлемей алуға болады.

Егер тапсырыстың құны 200 еуродан асса, сатып алушы тауардың жалпы құнының 5 пайызы мөлшерінде кедендік баж, сондай-ақ елде қолданылатын мөлшерлеме бойынша қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеуге міндетті болады. Бұл ретте кедендік баждың мөлшері бір килограмына кемінде 1 еуродан төмен болмауға тиіс.

Ал кейбір тауар санаттары, соның ішінде автомобильдер үшін, кедендік баждың арнайы мөлшерлемелері қарастырылған.

Сондай-ақ электронды саудаға арналған жеңілдетілген декларация қолданылмайтын тауарлар тізбесі бекітілді.

Бұл тізімге жеке пайдалануға арналмаған тауарлар кіреді. Атап айтқанда, күнге күйдіретін солярийлер, қозғалтқыштар, медициналық жиһаз және ойын автоматтары. Сонымен қатар әкелу мен әкету рұқсат тәртібімен жүзеге асырылатын тауарлар бөлек көрсетілген. Олардың қатарына қару-жарақ пен оқ-дәрілер, жануарлардың қазба сүйектері, қауіпті қалдықтар жатады. Бұдан бөлек, жеңілдетілген тәртіп алкоголь және темекі өнімдеріне, қолма-қол ақшаларға, әуе және су көліктеріне, сондай-ақ көлік құралдарының жекелеген түрлері мен олардың шассилеріне қолданылмайды.

Сыртқы электронды сауда тауарларын әкелудің жаңа тәртібі 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді деп жоспарланған.

Негізгі өзгеріс қымбаттауарларға қатысты. Бұрын 200 еуро лимитінен асқанда кедендік баж тек асып кеткен сомаға есептелсе, енді салықтар тапсырыстың толық құны бойынша есептеледі.

Қарапайым тілмен айтқанда, құны 210 немесе 300 еуро болатын тапсырыс, лимиттен аз ғана асса да, бұрынғыдан қымбатқа түседі. Бұл ретте бұрын қолданылған салмақ лимиті жаңа тәртіпте ескерілмейді. Тек сатып алу құнына мән беріледі. Мұндай сәлемдемелерді рәсімдеумен сатып алушылардың өздері емес, жеткізу қызметтері мен электронды сауда операторлары айналысады.

Өзгерістер тек Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден жасалған тапсырыстарға қатысты. Ал одақ аумағында жұмыс істейтін маркетплейстерден жасалған сатып алуларға бұл жаңа ережелер қолданылмайды.


Шетелден тауарға тапсырыс беретін қазақстандықтар қиындыққа тап болады: Баж салығы өсіп, декларация тапсыру міндеттеледі


Жаңа ереже не үшін енгізілді?

Бұрын шетелден жасалған интернет сатып алулар жеке пайдалануға арналған тауарлар ретінде рәсімделіп келген. Мұны қарапайым сатып алушылар ғана емес, тауарды қайта сату үшін партия-партиямен әкелетіндер де пайдаланып, салық төлемеген.

Жаңа ережелер электронды сауда тауарларын жеке санат ретінде айқындайды. Олар үшін нақты тәртіп белгіленеді. Белгілі бір лимит бар, ал одан асқан жағдайда кедендік баж бен қосылған құн салығы төленеді.

Бұл өзгерістердің мақсаты – жеке сатып алуларды коммерциялық жеткізілімдерден ажырату және “сұр” импортты қысқарту. Ал қарапайым тұтынушылар үшін арзан тапсырыстар бұрынғыдай бажсыз күйінде қалады.

Еске салсақ, мемлекеттік кірістер комитеті шетелдік интернет дүкендер мен маркетплейстерден тауар сатып алу кезінде енгізілетін жаңа декларациялау тәртібі қазақстандықтардың көпшілігіне қатысты болмайтынын мәлімдеген еді.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 12 Қаңтар, 2026 18:36