Қазақстанда оқушылардың Instagram мен TikTok-қа кіруін шектеу ұсынылды
Фото:depositphotos.com
Қазақстан мектептерінде оқушыларға телефон қолдануға шектеу қойылмайды. Жасанды интеллект вице-министрі Дмитрий Мун Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтың сауалына жауап беріп, осылай мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Асхат Аймағамбетов Қазақстанда балалардың әлеуметтік желілерге ерте жастан тіркеліп, кез келген контентті көретінін, мектепте TikTok-та сағаттап отыратынын айтып, Цифрлық даму министрлігі осыған қандай шара қолданатынын сұрады.
"Қазақстанда бала TikTok немесе Instagram-ға мысалы 5–6 жастан бастап еш кедергісіз, тіпті ата-анасының келісімінсіз әрі ешқандай верификациясыз тіркеле алады. Сосын ол кез келген контентке толық қол жеткізе алады. Ал көптеген елдерде бұл мәселе заңмен реттелген. Мысалы, Дания мен Австралияда тіркелуге рұқсат жасы 15-16 жас. АҚШ, Ұлыбритания және Ирландияда да шектеулер енгізілген, жасына және әлеуметтік желіге тіркелу тек ата-анасының расталған келісімімен ғана жүзеге асады", - деді Аймағамбетов.
Депутаттың айтуынша, Англия, Нидерланд және әлемнің 40%-дан астам елдері мектептерде смартфон қолдануға ресми түрде тыйым салған. Қазақстанда да бірқатар алдыңғы қатарлы мектептер NIS, БИЛ, "Дарын" сабақ кезінде смартфон қолдануға шектеу қойды. Нәтижесі өте жақсы. Оң әсері байқалды, балалар белсендірек, бір-бірімен жиі тілдеседі, сабақ кезінде алаңдаушылық азайды. Алайда елдегі көптеген мектептерде жағдай басқаша, мұғалімдер жанжалдан қорқады, ал оқушылар сабақ пен үзіліс кезінде TikTok-та сағаттап отырады.
"Қазіргі таңда әлем түрлі цифрлық және ақпараттық ресурстарды кеңінен пайдалануға мүмкіндік алып келеді. Бұл мүмкіндіктер шексіз болмауы тиіс, кейбір контент түрлерін шектеу қажет, бірақ бұл шаралар даму мен инновацияның жолын бөгемеуі керек. Осы бағытта біз жүйелі түрде жұмыс істеп жатырмыз. Сонымен қатар, "Цифрлық кодексте" сабақ кезінде телефон ұстауға тыйым салу қарастырылып отырған жоқ. Министрліктің ұстанымы жастарды гаджеттерден шеттетпей, оларды технология мен жасанды интеллектіні дұрыс және тиімді пайдалануға үйрету. Жас ұрпақ цифрлық әлемнің мүмкіндіктерінен артта қалмауы тиіс", - деді Дмитрий Мун.