Жаңа Конституция қабылданған күн мемлекеттік мереке болмақ

2026 жылғы 15 наурызда өтетін бүкілхалықтық референдум нәтижесінде Қазақстан күнтізбесінде жаңа мемлекеттік мереке пайда болуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәліметтерге сенсек, бұл тек 2026 жылғы 15 наурызда өтетін жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі бүкілхалықтық референдумда қазақстандықтар қолдап дауыс берген жағдайда жүзеге асады.
Конституция жобасының 94-бабында референдумда Конституция қабылданған күн мемлекеттік мереке болып жарияланатыны көрсетілген. Осылайша, референдум оң нәтиже берген жағдайда, 15 наурыз елімізде қосымша демалыс күні болып белгіленуі мүмкін.
"Республикалық референдумда Конституция қабылданған күн мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні деп жарияланады. Республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Бұған дейін қабылданған ҚР Конституциясының қолданысы сол мезгілден бастап тоқтатылады", – делінген жаңа Конституция жобасында.
Қазір Конституция күні 30 тамызда аталып өтеді. 1995 жылы 30 тамызда Қазақстан Республикасының Негізгі заңы қабылданған.
- Қазақстанда республикалық референдум өтетін уақыт белгілі болды: Тоқаев жарлыққа қол қойды
-
Конституция жобасында Құрылтайды таратуға шектеулер енгізілді
Еске салайық, бұған дейін Референдумға шығарылатын Жаңа Конституцияның жобасы жарияланғанын жазған едік. Сонымен қатар Жаңа Конституция бойынша түпкілікті шешімді халық референдумда қабылдайтынын айтты. Ал Қазақстан Конституциясы толықтай қайта жазылып, 84% өзгеріс енгізілетінін жазған едік. Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Конституциялық реформа комиссиясының мүшелеріне Ата заңға енгізілетін өзгерістердің жиынтық жобасын таныстырды. Жиынтық жоба білікті заңгерлер мен лингвистерден құралған жұмыс топтарында қатар пысықталып жатыр. Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, мамандар Конституцияның нормаларын дұрыс жазу, мағыналық сәйкессіздіктер мен қарама-қайшылықтарды, сондай-ақ түсініксіздіктерді болдырмау бойынша үлкен жұмыс атқарды.
"110 мың теңгенің орны": Алматыда бейтаныс жұп тойға шақырусыз кіріп тегін тамақтанып, көңіл көтерген