Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда мұғалімдерге сабақ барысында ChatGPT қолдануға рұқсат етілді

Қазақстанда мұғалімдерге сабақ барысында ChatGPT қолдануға рұқсат етілдіФото: depositphotos.com

Қазақстанда ЖИ технологияларын мектеп тәжірибесіне енгізудің әдістемелік негіздері бекітілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Министрліктің мәліметінше, әдістемені әзірлеудегі басты ұстаным жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайды деген қағида. Құжатта ЖИ сабаққа дайындалу, оқу материалдарын бейімдеу және талдамалық жұмыстар жүргізу үшін көмекші құрал ретінде қарастырылатыны айтылған.

"Оқушыны бағалау, оқу мазмұнын таңдау және соңғы шешім қабылдау құқығы толықтай мұғалімнің құзырында қалады. Білім нәтижелерін толық автоматтандыруға жол берілмейді. Сондықтан жасанды интеллект дайындаған кез келген материал мұғалімнің тексеруінен өтуі тиіс", – деп хабарлады министрлікте.

Сондай-ақ құжатта оқушылардың жеке деректерін бөгде сервистерге енгізуге болмайтыны, сабақта қолданылатын платформалар заңнамалық талапқа сай болуы керектігі нақты көрсетілген. 


ChatGPT-де денсаулыққа қатысты кеңес беретін жаңа функция пайда болды


Сонымен қатар, академиялық адалдықты сақтауға ерекше мән беріледі. Оқушылар ЖИ арқылы дайындалған жұмыстарын өз еңбегі ретінде ұсына алмайды, мұғалімдер қажет болған жағдайда тапсырманы қайта бере алады.

"Әдістемелік ұсынымда педагогтерге Canva, ChatGPT, Gemini Storybook, Notebook LM, Reading Coach, Google Lens және өзге де сервистерді сабақта қолданудың дайын алгоритмдері мен сценарийлері берілген. Бұл мұғалімнің әкімшілік жүктемесін азайтып, оқу материалдарын оқушының жеке ерекшеліктеріне бейімдеуге мүмкіндік береді", – делінген ақпаратта.

Әдістемелік ұсыным Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ресми сайтында қолжетімді. Оны педагогтер, әдіскерлер, білім беру ұйымдарының басшылары, оқушылар пайдалана алады. Бұл қадам мектептердің цифрлық трансформациясын жүйелі түрде қолдауға бағытталған.

Еске салсақ, осыған дейін Қазақстанда ChatGPT-ді мемлекеттік қызметте қолдануға рұқсат берілген еді. 

Сонымен қатар Қазақстандық мектептер мен университеттер әлемде алғаш болып ChatGPT Edu жүйесіне қосылатынын жазғанбыз.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 10 Наурыз, 2026 19:42