Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда мүше трансплантациясын жасатқан науқастар тегін емделу құқығынан айырылмақ

Фото: istockphoto.com

Денсаулық сақтау министрлігі мүше трансплантациясын жасатқан науқастарды тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінен (ТМККК) шығарып тастамақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Денсаулық сақтау министрлігінің жобасы дауға себеп болды. Жаңа ереже мүшелер мен тіндердің трансплантациясынан кейінгі науқастарды ТМККК жүйесінен шығарып, олардың емін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне ауыстыруды көздейді. 

Донорлық мүшелерді алушылардың мәселелерімен айналысатын қоғамдық бірлестіктердің өкілдері баспасөз мәслихатын өткізіп, бұл бастаманы заңның тікелей бұзылуы деп атады. Бірлестіктер Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық үндеу жолдап, бұйрық қабылдануын тоқтатуды сұрады. 

Олардың айтуынша, бұл бұйрық қабылданса, трансплантациядан кейінгі жағдайлар кепілдендірілген тегін амбулаторлық көмек көрсетілетін аурулар тізімінен шығарылады. Пациенттер мен олардың қорғаушылары бұл шешімді заңсыз, өмірге қауіпті және Конституцияға, сондай-ақ "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекске қайшы деп санайды. 

Денсаулық сақтау министрлігінің өзгерістерді қорғау мақсатында, трансплантациядан кейінгі науқастар мүгедектігі бар санатқа жататындықтан, МӘМС арқылы жеңілдікті категория ретінде көмек ала алатынын айтады.

Алайда бірлестік өкілдері, мүгедектік – медициналық сипаттама емес, әлеуметтік мәртебе екенін және ол уақытылы әрі толық емделуге кепілдік бермейтінін айтады. 

"Мүгедектік белгілі мерзімге беріледі – алты ай, бір жыл, екі жыл немесе бес жыл. Қайта тексеруден кешігіп қалу жағдайлары болады, сол уақытта адам өмірлік маңызды дәрілерсіз қалуы мүмкін. Реципиенттер иммунды басатын терапияны күнделікті және өмір бойы қабылдауы керек, әйтпесе – органды қабылдамау және өлім қаупі бар. Сондықтан мүгедектікке сілтеме жасау арқылы бұл ұғымдардың заңсыз ауыстырылуы, ол емнің үздіксіздігін және азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ете алмайды және заңды күші жоқ", – дейді "Өмір сыйы" трансплантация науқастарының республикалық қоғамының президенті Сандуғаш Орынбаева. 

Қоғамдық ұйымдар президент мына талаптарды сұрады:

- денсаулық сақтау министрлігінің мүше трансплантациясынан кейінгі жағдайларды ТМККК-дан шығару туралы бұйрық қабылдауын тоқтату;

- құжаттың заңдылығын тексеру үшін бас прокуратура мен әділет министрлігіне құқықтық сараптама жүргізуді тапсырту;

- президент жолдауының жүзеге асырылуы заңдағы кепілдіктерді шектей алмайтынын растау;

- созылмалы аурулары бар науқастарға көмек көрсету мәселесінде пациенттік және кәсіби ұйымдарды шешім қабылдауға тарту.

Ұйым өкілдері мүше трансплантациясын өткерген барлық адамдар ТМККК пакетінде қалуы тиіс екенін, бұл заңмен бекітілгенін және кез келген өзгерістер кәсіби және пациенттік қоғамдастық пікірін ескере отырып қабылдануы қажет екенін айтады. 

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 11 Тамыз, 2025 22:35
Талқылау
`