Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда мүлік иелері бірлестіктері төрағаларына полиция өкілеттіктері берілмек

ОСИФото: freepik.com

Қазақстанда мүлік иелерінің бірлестіктері (МИБ) енді құқық бұзушылықтардың алдын алу жүйесіне қатыса алады. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов мәжілістегі заң жобасын таныстыру кезінде айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Министрдің айтуынша, жаңа "Құқық бұзушылықтардың профилактикасы туралы" заң жобасы тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. МИБ өкілдері түнгі шуды болдырмау, қоқысты бейберекет тастау, қоғамдық тәртіпті сақтау сияқты мәселелерге ат салыса алады.

Сонымен қатар құжатта МИБ төрағаларының өкілеттігін кеңейту қарастырылған. Олар тұрғындардың қауіпсіздігіне төнетін қатерлерді бағалау және кейбір мінез-құлықтық қауіптерді анықтау құқығына ие болуы мүмкін.

Алайда бұл норма мәжіліс депутаттарының алаңдаушылығын тудырды. Екатерина Смышляеваның пікірінше, мұндай өкілеттік азаматтардың жеке өміріне араласуға жол ашуы ықтимал.

"МИБ төрағалары құқық қорғау саласының қызметкерлері емес. Олар тұрғындардың шаруашылық мәселелерін шешу үшін сайланған азаматтар. Сондықтан олардың мінез-құлықты бағалау немесе қауіпсіздікке баға беру құзыреті жоқ", – деді депутат.

Смышляева сондай-ақ бұл норма төрағалар мен тұрғындар арасында қақтығыстар туғызуы мүмкін екенін, ал бұл өз кезегінде МИБ басқаруға ынталы адамдардың санын азайтатынын айтты.

Өз кезегінде министр Ержан Сәденов бұл бастаманың мақсаты қоғамды құқық бұзушылықтардың алдын алуға тарту екенін түсіндірді.

"Профилактика тек мемлекеттің міндеті емес, қоғамның да ортақ ісі. Мемлекеттік органдар өз саласы бойынша профилактика жүргізсе, МИБ пен бизнеске тек қатысу құқығы беріледі. Яғни, бұл – міндет емес, тұрғындардың белсенділігін арттыру тетігі", – деді ол.

Министрдің айтуынша, егер заң жобасы қабылданса, Ішкі істер министрлігі жергілікті қоғамдастықтармен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Айнұр Мұхади
Сәрсенбі, 15 Қазан, 2025 11:54
Талқылау