Қазақстанда мерзімді әскери қызметке шақырылушылар саны артты
Қазақстан Қорғаныс министрлігі мерзімді әскери қызметке шақырылушылардың санын 40 202 адамға дейін көбейтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы мерзімді қызметтегі сарбаздарды запасқа шығару және азаматтарды әскери қызметке шақыру туралы үкімет қаулысына өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістер шақырылушылардың санын көбейтуге байланысты.
"Қаулыға сәйкес облыстар мен ірі қалалардың әкімдері шақыру комиссияларының жұмысын ұйымдастыруы тиіс. 18 бен 27 жас аралығындағы шақырылу құқығы мен босатылу мүмкіндігі жоқ 40 202 адамды әскерге шақыру жоспарланып отыр. Шақыру екі кезеңде өтеді – наурыздан маусымға дейін және қыркүйектен желтоқсанға дейін", –делінген министрлік хабарламасында.
Қаулы 26 қыркүйектен бастап күшіне енеді.
Айта кетейік, қорғаныс министрлігі 2023 жылы Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдар 37 000 сарбазбен толықтырылғанын хабарлаған. Демек биыл былтырғымен салыстырғанда 3 мыңнан аса сарбаз әскерге артық шақырылмақ.
Сонымен қатар 2021 және 2022 жылдарға қарағанда мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтардың саны 14%-ға өскені атап өтілді.
Еске салайық, бұған дейін елімізде күзгі әскерге шақыру науқаны желтоқсан айына дейін жалғасатынын жазған едік. Күзгі әскерге шақыру науқаны кезінде Қазақстан армиясының қатары 20 мыңнан астам сарбазбен толығады. Мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыруға немесе босатуға негіздері жоқ 18 жастан 27 жасқа дейінгі азаматтар шақырылады.