Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлерге құмар ойындарды ойнауға заңмен қатаң тыйым салынды
Қазақстанда мемлекеттік лауазымдағылар үшін қосымша шектеулер күшіне енді. Ойын бизнесі мен лотереяларға қатысты жаңа түзетулер енгізілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото pixabay.com
Мемлекет басшысы 8 шілдеде "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болдырмау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды. Заңға енгізілген түзетулерде құмар ойындары мен бәс тігуге тыйым салынатын лауазымдылардың тізімі кеңейтілді.
"Борышкерлердің бірыңғай тізіміндегілерден басқа, мемлекеттік қызметкерлерге, әскерилерге, құқық қорғау және арнайы органдардың қызметкерлеріне, сондай-ақ бюджеттік ұйымдардың басшыларына тыйым салынды. Бұл адамдар бұдан былай бәс тігіп, құмар ойындарына қатыса алмайды. Бұл тыйымды бұзса қызметінен босату қарастырылған", – делінген заңнамалық түзетулерде.
Енді ойын мекемелерінде келуші жеке басын куәландыратын құжатты ұсынады.
Еске салсақ, Қазақстанда букмекерлік кеңселер мен казинолар құмар ойындардың қаупі туралы ескертуге міндеттелетінін хабарлаған едік.