Қазақстанда өндіріс өнеркәсібі шикізат секторын басып озды
Қазақстанда өңдеу өнеркәсібі қарқынды дамып, өндіріс көлемі бойынша шикізат секторын басып озды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: depositphotos.com
Премьер-министрдің баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл сала қазіргі уақытта 48%-дық көрсеткішке жетіп, 45%-дық үлесі бар шикізат секторынан асып түскен.
"Машина жасау саласында 6,9%-дық өсім тіркелді. Бұл нәтижеге компьютерлік жабдықтар, электр аспаптары, ауыл шаруашылығы техникасы мен теміржол көлігі құралдарының өндірісінің ұлғаюы ықпал етті. Қара металлургия 10,8%-ға өсіп, ферроқорытпа, болат, шойын және жалпақ прокат өндірісінің артуымен ерекшеленді. Түсті металлургияда да оң өзгерістер бар: мыс, мырыш, қорғасын және алюминий өндірісі 4,8%-ға артты. Химия өнеркәсібінде өндіріс көлемі 8,4%-ға көбейіп, полипропилен мен натрий бихроматы өндірісінің ұлғаюы негізгі себеп болды”, – делінген жылдық қорытындыда.
Мемлекет саланың әрі қарайғы тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін ірі жобаларды жүзеге асырып жатқан көрінеді.
"Қостанай облысында "ССКӨБ" АҚ негізінде ыстық брикеттелген темір өндіру жоспарланған. Павлодар облысындағы металлургиялық кластер ферроқорытпа, болат өнімдері және ыстық брикеттелген темір өндірісін дамытуды көздеп отыр. Абай облысында "KAZ Minerals Smelting" ЖШС мыс балқыту зауытын салуды қолға алды. Сонымен қатар, Жезқазған және Балқаш қалаларындағы Қазақмыс кәсіпорындарында Айдарлы және Көксай кен орындарының шикізатын қайта өңдеу жоспарлануда”, делінген ақпаратта.
Сонымен бірге, алюминий мен мыс өңдеу көлемі бірнеше есе артқан. Бұл кабель, алюминий сым және басқа да өнімдердің өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік берді.