Қазақстанда МӘМС жүйесіне жарналарды төлеу және қайтару ережелері жаңартылды
Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын есептеу және қайтару қағидаларына өзгерістер енгізілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: poliklinika6.by
Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Ержан Нұрлыбаев 2017 жылы 30 маусымдағы №478 “Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдарды және жарналарды есептеу және аудару қағидалары мен мерзімдерін және Аударымдардың, жарналардың және жарналарды уақтылы немесе толық төлемегені үшін өсімпұлдың артық есепке жатқызылған сомаларын төлеушілерге қайтаруды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы” бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізді.
Құжат міндетті медициналық сақтандыруға жарналарды есептеу, ұстау және аудару, артық төленген соманы қайтару тәртібін реттейді.
Бұйрық бойынша жарналар мен аударымдар мемлекеттік корпорацияға түседі. Ол кейіннен қаражатты міндетті медициналық сақтандыру қорына жібереді. Мемлекеттік корпорация мына деректерді көрсетуі тиіс:
- жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН);
- аты-жөні (бар болса, әкесінің аты);
- аударылған жарна және (немесе) аударым сомасы;
- қай кезеңге (жыл, ай) төлем жасалғаны.
Сондай-ақ жиынтық төлем тапсырмаларын рәсімдеуге қойылатын талаптар нақтыланды. Оған төлеушінің жеке сәйкестендіру нөмірін және төлем кезеңін көрсету кіреді.
"Аударымдар және (немесе) жарналар төленетін кезеңді төлеушілер қағаз жеткізгіштерде жасалатын еркін төлем тапсырмаларында "Төлемнің мақсаты" бағанында, ал электрондық форматта жіберілген еркін төлем тапсырмаларында нысанда көзделген "ААЖЖЖЖ" жеке жолағында көрсетеді", – делінген хабарламада.
Мемлекеттік корпорация бұл деректерді міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына электрондық форматта жіберілген жиынтық төлем тапсырмасымен бірге тапсырады.
"Мемлекеттік корпорацияның шотына түскен аударымдар мен жарналар сомасы үш операциялық күн ішінде қордың шотына жиынтық төлем тапсырмасы арқылы аударылады", – делінген хабарламада.
Қате аударылған төлемдер қалай аударылады
Құжатта қате есептелген төлемдерді қайтару тәртібі егжей-тегжей көрсетілген. Жеңілдігі бар санаттағы азаматтар үшін төленген сомаларды және белгіленген лимиттен жоғары төленген жарналарды қайтару қарастырылған.
Мемлекеттік корпорация мына жағдайларда қаражатты қайтарады:
- төлеуші немесе банк екі немесе одан да көп рет қордың шотына қате аударғанда;
- артық есептелгенде (ішінара қайтару);
- жарналарын мемлекет төлейтін аударымдар мен жарналарды төлеуден босатылған адамдар үшін қате төленгенде;
- төлем мақсатының коды дұрыс көрсетілмегенде;
- алушының деректемелері (жеке сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі – ЖСН), тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)), төлем жүргізілген кезең дұрыс көрсетілмеген;
- Қазақстан аумағында тұрақты тұратындарды, қандастарды және еліміз ратификациялаған халықаралық шарттың талаптарына сәйкес ел аумағында уақытша болғандарды қоспағанда, шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдар үшін қате аударылғанда.
Айта кетейік, бұған дейін Депутат Асхат Аймағамбетов міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне жарналар төлеу үшін табыстың жоғарғы шегін ұлғайту ұсынылғанын мәлімдеген еді.