Қазақстанда легионерлерді бюджет есебінен қаржыландыру тоқтатылады
13 қарашада мәжіліс отырысында депутаттар дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын мақұлдады. Оған сәйкес елде легионерлерді бюджет қаржысы есебінен қаржыландыру тоқтатылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Мәжілісмен Нартай Сәрсенғалиев "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы отандық спорттың жылдар бойы жиналған мәселерін шешетін, бюджеттің бүйірін теспей сорып, спортқа бөлінген қаржыны мақсатсыз жұмсауды тоқтататынын айтты.
“Заң жобасының жұмыс тобына кірген депутаттар бірнеше маңызды нормаларды енгізді. Мәселен, министрлік бұрын бекіткен, бюджетке қол салғаны болмаса атының өзін ағайын білмейтін спорт түрлерін қазына қаржысынан қағу үшін нақты шешім қабылданды. Заңды түрде жоғары жетістіктер спорты деген түсінік еніп оған кіретін спорт түрлері нақтыланды. Жоғары жетістіктер спортының ішінде жоғары жетістік көрсеткендері үшін басым спорт түрлері түсінігі енгізіліп, оның басымдықтары айқын көрсетілді”, – деді ол баяндамасында.
Депутаттың сөзінше, Қазақстанның ақшасын асауды білгенмен алаңда үлкен жетістік жасауды білмеген легионерлерге мемлекеттің бюджеті есебінен де, квазимемлекеттік сектордың бюджеті есебінен де қаржы бөлуді тоқтату туралы норма қабылданды.
“Оған қоса бюджет қаржысының нақты қайда жұмсалуы керек екені айқын жазылды. Ерекше жандарға көрсетілетін ерекше көмек "спортшыны алып жүретін адам" түсінігімен заңға енгізіліп, оның шығындарын өтеу жолы да жазылды. Діни экстремизм мен терроризм салаға енбеуі үшін профилактикалық жұмыстардың жүйесі де анық көрсетілді. Бұқаралық спортқа жасалатын қолдау да Заң жобасында ашық жазылды. Ұлттық спорттың қарыштап дамуына әсер ететін бастамалар, оларды қаражатпен қамтамассыз ету қадамдары нақты көрсетлді. Бұл қысқа-нұсқа айтқандағы ақпаратым”, – деп қосты Сәрсенғалиев.