Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік күшейтілмек

Олжас Бектенов - премьер-министрФото: t.me/KZgovernment

22 шілдеде өткен үкімет отырысында көші-қон саясатын жетілдіру мәселесі қаралды. Жиын барысында премьер-министр Олжас Бектенов көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті қатаңдатуды тапсырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Үкімет отырысында ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов елімізде тұрақты тұрып жатқан шетелдіктер жөнінде мағлұмат берді. 

Ішкі істер вице-министрі шетелдіктердің елге келуі жылдан-жылға өсіп жатқанын атап өтті. Оның мәлімдеуінше, бірінші жартыжылдықта елге кірген шетелдіктердің саны 7,5 миллионға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 600 мыңға өскен. Оның 90 пайызы ТМД азаматтары екен.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 212 мың шетел азаматы тұрақты тұрып жатыр:

- 42 мыңы Алматы қаласында;

- 32 мыңы Алматы облысында;

- 17 мыңы Астана мен Қарағанды облыстарында.

Қазақстанда тұрақты тұрып жатқан шетелдіктердің саны үш жылда 42 пайыз өскен. Ал 430 мыңнан астам шетел азаматы Қазақстанда уақытша тұрып жатыр. Оның 360 мыңы жұмыс істеу мақсатында, 17 мыңы отбасымен қосылу, 8 мыңы білім алу үшін, 44 мыңы басқа мақсатпен келген.

"Елге келетін шетелдіктердің 97 пайызы заң мен көші-қон рижімін сақтайды. Алайда құқық бұзғандар жауапкершілікке тартылады", – деп атап өтті Бауыржан Әленов.

Оның мәлімдеуінше, биыл ішкі істер органдары 200 мың шетелдікті жауапқа тартқан. Оның 46 мыңы елде болу тәртібін бұзғаны үшін жауапқа тартылған. Соның ішінде 10 мыңына 5 жылға Қазақстанға кіруге тыйым салынған. 

Ішкі істер вице-министрі қылмыстық құқықбұзушылық жасаған шетелдіктер жазасыз қалмайтынын атап өтті.

Сондай-ақ Бауыржан Әленов шетелдіктерді тіркеу тәртібін бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске әкімшілік жауапкершілік енгізу мәселесі пысықталып жатқанын атап өтті.

"Ішкі істер министрлігі мен барлық мүдделі мемлекеттік орган көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік шараларын қатаңдатуды қамтамасыз етуге тиіс. Жалпы көші-қон саласындағы қауіпсіздік мәселелерін күшейту қажет", – деп тапсырды премьер-министр Олжас Бектенов.

Премьер-министрдің мәлімдеуінше, кейінгі екі жылда Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер саны 1,5 есе артқан.

"Заңды бұзу фактілері де бар. Мәселен, осы жылдың мамыр айында жедел-профилактикалық шаралар барысында көші-қон заңнамасын бұзудың 7 мыңнан астам фактісі анықталды. Мұндай жағдайлардың уақытылы жолын кесу керек. Ол үшін цифрлық құралдарды да белсенді түрде енгізу қажет. Мигранттардың қозғалысын жүйеге келтіріп, толыққанда мониторинг жүргізу үшін шекарадан өткен кезде берілетін көшіп-қонушының ID-картасын енгізу жұмысын жеделдеткен жөн", – деді премьер-министр.

Еңбек және цифрлық даму министрліктеріне осы жылдың 1 қарашасына дейін барлық дерекқорды толығымен интеграциялай отырып, көші-қон процестерін есепке алудың бірыңғай цифрлық платформасын енгізуді қамтамасыз ету тапсырылды.

Үкімет отырысында қазақстандықтарды шетелде жұмысқа орналастырумен айналысатын жеке агенттіктердің қызметін реттеу мәселесі де сөз болды. Премьер-министр Олжас Бектенов мұндай компаниялардың қызметін реттейтін кез келгенін атап өтті.

"Азаматтарымызды шетелге жұмысқа орналастырумен айналысатын жеке агенттіктердің қызметіне мұқият назар аудару қажет. Олар қазір ешқандай жауапкершілік алып отырған жоқ және бақылаудан тыс қалып отыр", – деп мәлімдеді премьер-министр.

Бұл ретте үкімет басшысы заңнамалық өзгерістер әзірлеуді тапсырды.

"Жыл соңына дейін жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің қызметін лицензиялау бөлігінде тиісті заңнамалық өзгерістер әзірленуі қажет", – деп түйіндеді сөзін Олжас Бектенов.

Аида Тақабаева
Сейсенбі, 22 Шілде, 2025 12:32
Талқылау