Қазақстанда картоп бағасын бақыламағаны үшін бір топ шенеунікке сөгіс жарияланды
Қазақстанда қорлардағы картоп мөлшері үкіметке түскен ақпараттан аз болып шықты. Премьер-министрдің орынбасары, министр Серік Жұманғарин тұрақтандыру қорларында көкөністі сақтау жұмысын тиісті деңгейде атқармаған облыс әкімдерінің орынбасарларына сөгіс жариялады. Енді картоп шетелде елімізге импортталады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, 12 наурыздағы жағдай бойынша әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) тұрақтандыру қорлары үшін келісімшарт жасаған картоп қоры 41,3 мың тоннаны құраған. Алайда кейбір өңірлерде жүргізілген тексеру нәтижесінде мәлімделген көлем мен картоптың нақты қоры арасында айтарлықтай айырмашылық бар екені анықталды.
Мәселен:
- Маңғыстау облысында мәлімделген ӘКК-нің 2,5 мың тоннадан астамының тек 25 тоннасы ғана нақты расталды.
- Шығыс Қазақстан облысында мәлімделген ӘКК-нің 1,6 мың тоннадан астамының тек 35 тоннасы ғана болған.
- Атырау облысында мәлімделгені – 394 тонна, расталғаны – 110 тонна.
- Абай облысында мәлімделгені 2,2 мың тоннадан астам, расталғаны 183 тонна.
- Жамбыл облысында мәлімделгені 2,6 мың тоннадан астам, тексеру нәтижесінде бар болғаны 308 тонна расталды.
- Ұлытау облысында ӘКК 1,8 мың тоннадан астам деп мәлімдегеннің нақты 827 тоннасы болған.
- Батыс Қазақстан облысында ӘКК мәлімдеген 2,3 мың тоннадан астамының 1,3 мың тоннасы расталды.
Анықталған кемшіліктер негізінде вице-премьер облыс әкімдерінің орынбасарларына картоп қорларының дұрыс бақыланбауына байланысты сөгіс жариялады.
“Үкімет бағаны тұрақтандыру үшін асыл тұқымды малдарды экспорттауға тыйым салды. Картопты үшінші елдерге экспорттауға алты айға шектеу енгізілді. Импорттық тауық жұмыртқаларын әкелуге тыйым енгізіледі. Дегенмен, жергілікті атқарушы орган тарапынан тиісті бақылау болмаса, қабылданған шаралардың нәтижелері тиісті әсер бермейді”, – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта Қазақстанға Пәкістан мен Қытайдан арзан бағадағы импорттық картоп жеткізу бойынша жұмыстар белсенді түрде жүргізілуде. Қазірдің өзінде Сауда комитеті мен "KTZ EXPRESS" экономикалық операторымен бірге 4000 тонна астам картоп импортталған, тағы 700 тоннасы жолда.