Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда концерттерде фонограмма қолданғандарға 3,9 миллион теңгеге дейін айыппұл салу ұсынылды

фонограммаФото: freepik.com

Қазақстанда концерт ұйымдастырушылар мен орындаушыларға фонограмма қолдануға тыйымды бұзғаны үшін 1000 айлық есептік көрсеткішке (2025 жылы шамамен 3,9 миллион теңге) дейін айыппұл салынуы мүмкін. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бүгін Сенатта "Мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.

Сенатор Советбек Медебаев қолданыстағы "Мәдениет туралы" заң концерт ұйымдастырушыларын көрермендерді фонограмма қолданатыны жөнінде тек хабарлауға міндеттейтінін, жаңа түзетулердің фонограмманы мүлде пайдалануға тыйым салатынын атап өтті.

"Осы екі норма арасында қайшылық туындамай ма? Егер тыйым енгізілсе, бақылау механизмі қандай болады және ұйымдастырушылар мен орындаушылар қандай жауапкершілікке тартылады?", - деп сұрады сенатор Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықовтан.

Вице-министрдің айтуынша, бұл мәселе бойынша үкіметтің нақты ұстанымы бар, ал түзетулер Сенаттың жұмыс топтарында егжей-тегжейлі пысықталған.

"Мәжіліс депутаттары Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске фонограмма қолдануға тыйымды бұзғаны үшін 1000 АЕК-ке дейін айыппұл салу жөнінде жаңа норма енгізуді ұсынды. Бұл талаптың орындалуын әкімдіктер бақылайды", - деді Сыдықов.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев фонограмманы қолдануға барлық шарада толық тыйым салына ма әлде тек ірі концерттерде шектеу қойыла ма деп нақтылап сұрады.

Айбек Сыдықов бұл тыйым барлық іс-шараларға бірдей қолданылмайтынын айтты.

"Фонограммадан толық бас тарту мүмкін емес. Мәселе 200-ден астам адам қатысатын мәдени-көпшілік іс-шаралар туралы болып отыр. Мәдениет мекемелерінде тек концерттер ғана емес, театр қойылымдары мен цирк бағдарламалары да өтеді, онда фонограмма техникалық мақсатта пайдаланылады. Сондықтан біз іс-шараларды концерттік, мәдени және көпшілік деп бөліп отырмыз. Тыйым тек 200 адамнан асатын концерттік шараларға қатысты болады", - деп түсіндірді ол.

Айта кетейік, заң жобасының кейбір баптарын депутаттар қолдамағандықтан, құжат Мәжіліске қайта қарауға жіберілді.

"Осыған байланысты Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті заң жобасын жалпы отырысқа енгізіп, оның кейбір баптарын мақұлдамауды және Мәжіліске көрсетілген баптапдың жаңа редакциясымен қайтаруды ұсынады", - деді комитет төрағасы Нұртөре Жүсіп.

Айнұр Мұхади
Бейсенбі, 06 Қараша, 2025 13:12
Талқылау