Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мораторий күшін жойды: Қазақстанда коммуналдық тарифтер 1 cәуірден бастап өсе ме

Фото: freepik.com

1 сәуірден бастап Қазақстанда коммуналдық тарифтерді ұстап тұрған мораторий күшін жояды. Билік бағаның күрт көтерілмейтінін айтқанымен, алдағы өзгерістер халыққа қалай әсер ететіні өзекті мәселе болып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Табиғи монополияларды реттеу комитетінде тарифтердің күрт көтерілмейтіні айтылды. Олардың сөзінше, өзгерістер жағдайға қарай, таңдамалы түрде және кезең-кезеңімен енгізіледі. Негізгі мақсат – халыққа түсетін салмақты арттырмай, сонымен қатар коммуналдық инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету.

"Тарифтік саясат ең алдымен өмірді қамтамасыз ететін жүйелердің сенімді жұмыс істеуіне, қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізуге, инфрақұрылымның тозуын азайтуға және апаттардың алдын алуға бағытталған", – деп түсіндірді комитет өкілдері.

Сондықтан тарифтердегі өзгерістер нақты есепке негізделіп, негізсіз шешімдерге жол берілмейтіні айтылды. Энергетика министрлігі электр энергиясына қатысты жағдайды бөлек түсіндірңп, 1 сәуірден бастап тарифтер өзгермейтінін мәлімдеді.

"2026 жылғы 1 сәуірден бастап электр энергиясының шекті тарифтері өзгеріссіз қалады, 2025 жылғы деңгейде сақталады", – делінген хабарламада.

Ведомство тарифтер 2025 жылдың желтоқсанында бекітіліп, 2032 жылға дейін алдын ала белгіленгенін еске салды. Жанармай бағасы нарыққа байланысты қалыптасады. Дегенмен министрлік күрт және негізсіз қымбаттауға жол берілмейтінін мәлімдеді. Қазір жанармай тапшылығы жоқ, қор жеткілікті.

"Өңірлерде жедел штабтар жұмыс істейді. Олар күн сайын бағаны, жанармай қорын және жеткізу логистикасын бақылап, кез келген ауытқуларға жедел әрекет етеді және ішкі нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз етеді", – дейді комитет.

Бұған дейін тарифтердің өсуіне мораторий 2025 жылдың қазан айында дағдарысқа қарсы шара ретінде енгізілген болатын. Оның мақсаты бағаның шарықтауын тежеу еді. 1 сәуірден бастап бұл шектеу алып тасталады. Осыдан кейін тарифтер коммуналдық кәсіпорындардың өтінімдеріне, инфрақұрылымның жағдайына және өңірлердегі ахуалға байланысты қайта қаралуы мүмкін. Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров тарифтерді ұзақ уақыт ұстап тұру экономиканың дамуын тежейтінін айтқан еді. Сонымен қатар ол халықтың әлеуметтік жағдайын да ескеру маңызды екенін атап өтті.

"Екінші жағынан, елімізде 1 миллионнан астам адам өте төмен материалдық жағдайда өмір сүріп жатқанын түсінуіміз керек", – дейді комитеттегілер.

Оның айтуынша, экономика дамып, халықтың тұрмыс деңгейі де төмендемейтіндей тепе-теңдік табу қажет.



Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда коммуналдық қызмет тарифтерін көтеруге мораторий 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін енгізілген еді. Ол кезеңде тарифтер уақытша тоқтатылып, монополистердің инвестициялық міндеттемелері тексерілді. Саладағы инфрақұрылымның тозуы 50%-дан асқандықтан, тарифтерді қайта қарау қажеттілігі туындап отыр. Мораторий аяқталғанымен, өтінімдерді қарау мерзіміне байланысты тарифтер ең ерте маусым айында өзгеруі мүмкін.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 31 Наурыз, 2026 15:29