Қазақстанда коммуналдық қызмет тарифтері өседі
Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов Қазақстандағы коммуналдық қызмет тарифтеріне қатысты сұраққа жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: ТАСС
Вице-министр алдағы уақытта коммуналдық қызмет тарифтерінің өсетінін атап өтті.
"Тарифтер минималды деңгейде өседі және өсім ақылға қонымды шектерде болады. Бұл бірнеше механизмнің арқасында қамтамасыз етіледі, оның негізгісі – инвестициялық бағдарламаның жүзеге асырылуы. Бағдарламаны қаржыландыру 20 жылға бөлінеді, яғни тарифтерге түсетін қысым барынша аз болады. Біз қажетті зерттеулерді жүргіздік. Бұл тек болжам емес, нақты талдау негізінде жасалған қорытынды. Қазір біз тарифтердің қанша пайызға өсетінін нақты білеміз және бұл өсім барынша аз болатынын сеніммен айта аламыз", – деді Арман Қасенов.
Вице-министрдің сөзін вице-премьер Қанат Бозымбаев та қолдады.
"2025 жылы энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту жөніндегі Ұлттық жоба басталады. Жобаға байланысты тарифтердің өсуі мүлдем қарастырылмайды," – деді Бозымбаев.
Еске салсақ, бұған дейін қазақстандықтар байланыс операторы тарифтерінің бағасы көтерілгенін айтып, шағымданған еді.