Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қоғамдық орында бет-әлпетті жауып жүруге ресми түрде тыйым салынды

Фото: pixabay.com

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық орындарда бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім-кешек киіп жүруге тыйым салатын заңға қол қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бет-жүзді жасыратын киім киюге тыйым салатын норма "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін жетілдіру, құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік органдардың, азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін және әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету және әлеуметтік қорғау, сондай-ақ ішкі істер органдарының қызметі саласында артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға енгізілген.

"Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарын, қызметтік (лауазымдық, еңбек) міндеттерін орындау үшін, медициналық мақсаттарда, азаматтық қорғау үшін, ауа райы жағдайларында, сондай-ақ спорттық, спорттық-бұқаралық және мәдени-бұқаралық іс-шараларға тікелей қатысатын адамдарға қажет болатын жағдайларды қоспағанда, қоғамдық орындарда бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім-кешекті киіп жүруге тыйым салынады", – делінген заң мәтінінде.

Еске салсақ, бұған дейін мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева никаб киюге тыйым салатын норма қарастырылып жатқанын айтқан еді.

 

Аида Тақабаева
Дүйсенбі, 30 Маусым, 2025 17:37
Талқылау