Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қытай және шығыс медицинасы орталықтарына бақылау күшейтіледі – Ақмарал Әлназарова

Фото: u-techgroup.ru

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында елдегі "шығыс" және "қытай" медицинасы орталықтарының қызметін қатаң бақылауға алатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Депутаттар өз сауалында мұндай орталықтардың жұмысына қатысты тұрғындардан көптеген шағым түсіп жатқанын атап өтті. Олардың айтуынша, кейбір орталықтар лицензиясыз жұмыс істейді, қызметкерлерінің біліктілігі жеткіліксіз, ем-шаралар санитарлық талаптарды сақтамай жүргізіледі. Сондай-ақ тіркелмеген дәрі-дәрмектер қолданылып, ауыр дерттерді толық емдеп жібереді деген жалған жарнамалар таратылады.

Мәжілісмендер шетел азаматтарына қатысты мәселені де көтерді. Атап айтқанда, Қытай азаматтары бірнеше айға ғана орталық ашып, науқастарды қабылдап, кейін орталықты жауып кететін жағдайлар кездесетіні айтылды.

Денсаулық сақтау министрлігі мәселелердің бар екенін мойындады. Ведомство мәліметінше, елде тіркелмеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың заңсыз айналымы интернет-сайттар, әлеуметтік желілер және маркетплейстер арқылы көбейіп келеді.

Сонымен қатар лицензиясыз медициналық қызмет көрсету мен заңсыз жарнама фактілері де анықталып жатыр.

2025 жылы жүргізілген 2626 жоспардан тыс тексеруден соң 390 медициналық ұйымның қызметі уақытша тоқтатылған. Ал жарнама және интернет арқылы сатылым бойынша жүздеген заңбұзушылық тіркелген. 2026 жылы тіркелмеген препараттарды жарнамалап, сатумен айналысқан 128 интернет-ресурсқа қолжетімділікті шектеу үшін тиісті органдарға мәлімет жолданған.

Министрлік алдағы уақытта бақылауды күшейтуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, "жалған дәрігерлерді" анықтау, заңсыз жарнаманы бұғаттау, тіркелмеген дәрілерге бақылауды күшейту және рейдтік тексерулер жүргізу көзделген.

"Жалған ем мен белгісіз препараттарды ұсынады": Депутат еліміздегі "дәстүрлі қытай медицинасы" деп аталатын орталықтарды тексеруді ұсынды

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда халық медицинасының кейбір түрлеріне ғана ресми түрде рұқсат етілгенін жазған едік. Үкіметтің мәліметінше, оларды тек медициналық білімі бар мамандардың бақылауымен қолдануға болады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, гомеопатия, рефлексотерапия, фитотерапия, хиропрактика, хирудотерапия (сүлікпен емдеу) және су-джок терапиясына рұқсат бар. Ал осы тізімге кірмейтін емдеу тәсілдері лицензиясыз қолданылса, заңсыз медициналық қызмет болып есептеледі және әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 10 Наурыз, 2026 16:08