Қазақстанда кімдер сыйақы мен 13-жалақы ала алады: Еңбек министрлігі жауап берді
Фото: depositphotos.com
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қызметкерлер қандай жағдайларда сыйақы немесе “он үшінші жалақы” ала алатынын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистер мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің төрағасы Мейрамбек Ахметовтен қандай қызметкерлердің сыйақы және 13-жалақы алатынын сұрады.
Комитет төрағасы сыйақылар мен өзге де төлемдерді беру тәртібі ұжымдық немесе жеке еңбек шарттарында алдын ала көрсетілуі тиіс екенін атап өтті.
Мұндай төлемдер еңбек шартында қарастырылмаған болса да, қызметкерлер басшылыққа сыйақы немесе 13-жалақы төлеуді сұрап жүгінуіне болады.
Алайда басшылық бұл өтінішті қанағаттандырмауға құқылы.
“Қызметкерлер басшылықтан талап ете алады. Бірақ басшылық бұған бара ма? Ұйымның ондай қаржылық мүмкіндігі бар ма?”, – деді комитет төрағасы.
Мейрамбек Ахметовтың айтуынша, Қазақстандағы еңбек дауларының басым бөлігі дәл осы сыйақы төлеу мәселесіне қатысты туындайды.
“Қызметкерлер басшылықтан “жыл соңына немесе қандай да бір мерекеге орай сыйақы төлеңіздер” деп сұрайды. Ал мекеме әкімшілігінде ондай қаражат болмай жатады, бюджетте қарастырылмаған немесе мүлде жоқ. Осыдан еңбек даулары туындайды”, – дейді Мейрамбек Ахметов.
Комитет төрғасы "бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері сыйақы ала ала ма" деген сұраққа да жауап берді.
Мейрамбек Ахметовтің айтуынша, мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын қызметкерлерге сыйақы төлеуге мүмкіндік беретін үкімет қаулысы бар.
Сыйақылар тек үнемделген қаражат болған жағдайда ғана төленуі мүмкін. Құжатта сыйақыны кімге және қандай негізде төлеуге болатыны, үнемделген қаржы қандай шығыс түрлері есебінен қалыптасуы мүмкін екені анық көрсетілген.
Егер ондай үнемделген қаражат болса, мемлекеттік орган немесе бюджеттік ұйым басшылығы сыйақы төлеу туралы шешім қабылдауға құқылы. Сыйақының мөлшері жеке-жеке анықталады. Ал үнемделген қаражат жоқ болса, сыйақы қарастырылмайды.
"Әсіресе аяғы ауыр әйелдер мен балаларға өте қауіпті": "Гонконг" тұмауын кәдімгі тұмаудан қалай ажыратуға болады