Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда кейбір өнімдерге бірден екі баға қойылмақ

тауарларға екі баға қойылмақФото: depositphotos.com

Қазақстандағы дүкендерде тауарларға екі түрлі баға қою талабы енгізілмек. Талапқа сәйкес, бірі – қолма-қол ақшамен төлеу кезіндегі нақты құн, екіншісі – тауарды бөліп төлеумен сатып алу бағасы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, екі түрлі баға көрсету идеясын агенттік қолдайды.

"Біз тауарлық желілердің банктер арқылы рәсімделетін бөліп төлеу ұсыныстарын жасап отырғанын көріп отырмыз. Сондықтан артық пайыз есептелмеуі үшін мұндай тәжірибе маңызды", – деді ол.

Агенттік басшысының сөзінше, тауарлық несие кәдімгі кредит секілді қарастырылып, қарыз алушыға ақпарат беру талаптары толық сақталуы қажет.

"Қарыз алушы тауар үшін немесе бөліп төлеу кезінде қанша артық төлейтінін білуі тиіс. Егер тауар қолма-қол сатып алынса бір баға, ал бөліп төлеумен алынса басқа баға. Сатып алушы несие рәсімделген кезде тауардың құнына қандай үстеме қосылатынын түсінуі керек", – деді Әбілқасымова.

Ол бұл бастама тұтынушылардың құқығын қорғауға бағытталғанын айтты.

"Бұл жұмысты біз Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен, Ұлттық банк және Сауда министрлігімен бірлесіп жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Ең аз дегенде әр тауарда екі түрлі баға көрсетілуі тиіс деп санаймыз", – деді Әбілқасымова.

Жұмаділлә Нұрила
Сейсенбі, 02 Қыркүйек, 2025 16:33
Талқылау