Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қайтарылмайтын әуе билеттерін сатуға тыйым салу ұсынылды

Фото: depositphotos.com

Қазақстанда ішкі әуе рейстерінде қайтарылмайтын билеттер сатуға тыйым салу ұсынылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мұндай ұсыныс мәжіліс жанындағы қоғамдық палата отырысында, жолаушылар тасымалы саласындағы авиациялық қызмет пен әуе қатынасы қызметтерін талқылау барысында айтылды.

Аталған мәселеге қатысты көлік министрлігінің азаматтық авиация комитеті пікір білдірді. Комитет төрағасы Салтанат Томпиеваның айтуынша, қазақстандықтар арасында қайтарылмайтын билеттерге сұраныс жоғары.

"Менің білуімше, қайтарылмайтын билеттер халық арасында кеңінен қолданылады. Сатып алушылардың 50%-дан астамы дәл осындай билеттерді таңдайды. Бұл қонақүйлердегі жағдайға ұқсас, қайтарылмайтын тариф арзанырақ болады. Әдетте мұндай билеттерді сапарын алдын ала жоспарлай алатын жолаушылар сатып алады", – деді комитет төрағасы. 

Томпиеваның айтуынша, ұшуға екі–үш ай қалғанда сатып алынған билеттердің бағасы соңғы сәтте алынған билеттермен салыстырғанда айтарлықтай төмен болады. Сонымен қатар ол субсидияланатын әуе рейстерінде белгіленген бағада қайтарылатын билеттер қарастырылғанын еске салды.

"Мұндай рейстерде әуе компаниялары билеттің толық қайтарылуын қамтамасыз етеді. Алайда көптеген жолаушылар билетті қайтаруға болатынын білетіндіктен, орындарды “броньдап” қояды. Соның салдарынан әуе компаниялары кейін орын жоқ екенін жариялауға мәжбүр болады", – деді Салтанат Томпиева.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда әуе отын бағасының төмендеуіне байланысты әуе билеттері арзандайтынын туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Жұма, 23 Қаңтар, 2026 22:56