Қазақстанда қаңғыбас жануарларды жаппай өлтіру ұсынылды
Қазақстанда қаңғыбас жануарларды жаппай эвтаназиялау ұсынылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: depositphotos.com
"Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізуге арналған дөңгелек үстелге қатысушылардың көпшілігі ұсталған иттер мен мысықтарды ұсталған сәттен бастап 15 күн ішінде жаппай эвтаназиялауды қолдады. Қазір бұл мерзім 60 күнге дейін.
21 қараша күні мәжілісте өткен дөңгелек үстелге депутаттар, еріктілер, заңгерлер және қаңғыбас жануарлардың шабуылынан зардап шеккен азаматтар қатысты. Депутат Әнас Баққожаев мемлекеттік бюджеттен мектеп оқушыларына күніне 840 теңге , ал жануарларға "одан да көп" жұмсалатынын айтып, ауланған жануарды ұстаған сәттен бастап бес күн ішінде эвтанизациялауды ұсынды. Ал иесі болуы мүмкін жануарларды 15 тәулік ұстауды ұсынды.
Заңгер Жанатбек Туғанбеков жануарларды өлтіруге қарсы шықты. Ол Қазақстанда “аулау-зарарсыздандыру-вакцинация-шығару” (АЗВШ) бағдарламасы дұрыс жұмыс істемейтінін атап өтті.
"Эвтаназия шешім емес. Шабуылдарға келетін болсақ: шабуыл объектілері – адамдар, бірақ оны үй жануарлары жасайды. Барлық мәселе осында. Адамдар медициналық мекемелерге келіп, оларды қаңғыбас ит тістеп алды деп алдайды. Статистика осылай құрастырылады. АЗВШ бағдарламасы біздің елде еш жерде қолданылмайды", – дейді заңгер.
Экология вице-министрі Нүркен Шарбиев 2022 жылдан бастап қолданысқа енгізілген АЗВШ бағдарламасының нәтижелері туралы статистиканы бөлісті.
"АЗВШ жұмысы туралы қорытынды теріс статистика көрсетті, тіпті 2022 жылмен салыстырғанда: 2022 жылы 22 мың, өткен жылы 50 мыңға жуық, биыл 50 мыңнан астам болуы мүмкін. Біздің статистика бойынша, шабуылдардың 65 пайызы қаңғыбас иттерден", – деді Шарбиев.
Вице-министр өткен жылы 247 мың ит ауланғанын, оларды зарарсыздандыруға 16 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалғанын атап өтті.
"Егер оларды өлтірмей, босатып, өз өлімімен өлгенше ұстау туралы шешім қабылданса, бір жылда ауланған иттердің саны үшін күніне 1,2 млрд теңге қажет болады. Бұл жылына – 450 млрд теңге деген сөз", – деді Шарбиев.
Дөңгелек үстелде эвтаназия мәселесімен қатар ит серуендету тақырыптары да қозғалды. Ішкі істер министрлігінің өкілі өткен жылы ит серуендету ережесін бұзған 7,9 мың адамға айыппұл салынғанын мәлімдеді. Биыл қаңтар-қыркүйек аралығында мұндай айыппұлдар саны 5610 жеткен. Ит серуендету ережесін бұзғаны үшін айыппұл мөлшері 10 АЕК құрайды.