Қазақстанда қалалардағы рұқсат етілген жылдамдықты төмендетпек
Фото: Stan.kz
Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев Қазақстанда елді мекендерде көліктің рұқсат етілген қозғалыс жылдамдығын төмендету мүмкіндігі қарастырылып жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев бұл мәселеге жол-көлік оқиғаларының көбеюі мен балалардың қауіпсіздігіне қатысты сұрақтарға жауап беру барысында тоқталды. Оның айтуынша, есепке алу ережелеріне енгізілген өзгерістерге байланысты бастапқыда апаттар саны күрт өскенімен, қазіргі кезде жол-көлік оқиғаларының өсу қарқыны мен зардап шеккендер санының төмендеуі байқалады.
Алайда комитет басшысы жол-көлік апатының саны тұрақты түрде артып келеді" деген пікірмен келіспейтінін айтты. Оның түсіндіруінше, жыл басынан бері 65-70%-дық күрт өсім жолдағы жағдайдың нашарлауынан емес, есепке алу мен тіркеу тәртібіндегі өзгерістерден болған.
"Қазір қабылданған практикалық және заңнамалық шаралардың нәтижесінде өсу қарқыны шамамен 30%-ға төмендеді", – деді Сұлтанбаев.
Жылдамдықты төмендету мәселесіне қатысты ІІМ өкілі бұл бастама қарастырылып жатқанын растады.
"Бұл мәселені жұмыс тәртібінде қарап жатырмыз. Парламент депутаттары каникулдан шыққан соң, олармен осы мәселені талқылаймыз", – деді ол.
Қорытынды шешім ІІМ жариялаған "Профилактика жылы" аясында және заң үстемдігі қағидатына сәйкес қабылданады. Депутаттармен талқылау нәтижелері туралы қосымша хабарланады.
Сұлтанбаевтың мәлімдемесіне қарамастан, Қазақстанда алғашқы алты айда 15 698 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл былтырмен салыстырғанда 54 оқиғаға көп. Құқықтық статистика комитетінің деректеріне сәйкес, жол-көлік оқиғасы салдарынан 22 346 адам зардап шекті, оның ішінде 955 адам қаза тапты.
Астанада автобус апатқа ұшырап, 14 жолаушы зардап шекті
Еске салайық, бұған дейін көлігін эвакуатормен тасымалдаған қазақстандық жылдамдық үшін айыппұл алғанын жазған едік. Көлік иесі бұған наразы, себебі өзі көлікті басқармағанын айтады. Полиция айыппұлдардың автоматты түрде жазылатынын түсіндіріп, мән-жайды анықтау үшін тұрғынға әкімшілік полиция бөліміне жүгінуге кеңес берді.

Қазақстандық белсенді уақыт белдеуін қайтару үшін партия құрмақ: Ол зерттеу жүргізіп, қазіргі уақыттың халыққа зиянын тигізіп жатқанын анықтады
