Қазақстанда ипотеканың сыйақы мөлшерлемесінің шекті мәні төмендетілмек
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық Банкі басқармаларының бірлескен қаулысы жобасында ипотекалық тұрғын үй несиелері бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшерін 20%-ға дейін төмендету ұсынылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ru.freepik.com
Қолданыстағы қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық Банк ережелеріне сәйкес, ипотека бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшерлемесі 25%-ға тең.
Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшерлерін белгілеу:
- Екінші деңгейдегі банктер және жекелеген банк операцияларын жүзеге асыратын ұйымдар беретін банктік қарыздар бойынша:
- Кепілсіз банктік қарыздар үшін – 46%;
- Кепілмен қамтамасыз етілген банктік қарыздар үшін – 35%;
- Ипотекалық тұрғын үй қарыздары үшін – 20%;
- Микрофинанстық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар беретін микрокредиттер үшін – 46%.
Қолданыстағы нормаларға сәйкес, аталған қарыздар бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (ЖТСМ) шекті мөлшерлемесі 46%, 35%, 25% және 46% деңгейінде белгіленген. Осылайша, мөлшерлеменің төмендеуі тек нарықтық шарттармен берілетін ипотекалық қарыздарға әсер етеді. Өйткені "Отбасы банктің" ипотекалық мөлшерлемелері мемлекеттік қолдау есебінен айтарлықтай төмен.
Құжат 26 наурызға дейін талқыланады. Бірлескен қаулының орындалуын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары мен Ұлттық банк төрағасының орынбасары бақылайды.
2025 жылы Қазақстанда рекордтық көлемде тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Кемінде 19 миллион шаршы метр үй салу жоспарда бар. Оған жету үшін Индустрия және құрылыс министрлігі "Бәйтерек" холдингі арқылы қосымша 500 миллиард теңгеден астам қаражат бөлуді сұрап отыр. Бұл туралы 5 наурызда үкімет отырысында Индустрия министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді.
2024 жылы ипотека нарығы 2023 жылғы құлдыраудан кейін қайта өсе бастады. Қазақстанның екінші деңгейлі банктері, оның ішінде "Отбасы банк", жаңа ипотекалық несиелерді 2 триллион теңгеден астам сомаға беріп, алдыңғы көрсеткіштен 24,6% асып түсті. Ал 2023 жылы ипотекалық несиелердің жалпы көлемі 17,2%-ға төмендеп, соңғы сегіз жылда алғаш рет құлдырады. Бұл жағдайға зейнетақы жинақтарының басым бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту жұмсауы ықпал етті. Өйткені 2021-2022 жылдары азаматтар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) артық қаражаттарын осы мақсатта жұмсады.