Қазақстанда инфарктпен ауыратын жастардың саны артып келеді
Қазақстанда инфарктпен ауыратын жастар көбейіп келеді. Бұрын елде бұл ауруға көбіне 50 жастан бастап шалдықса, қазір шек 35 жасқа жеткен. Мамандар дабыл қағып, жастарды денсаулығына қарауға шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: freepik.com
Елімізде 2024 жылы қан айналымы жүйесінің ауруларымен есептегілердің саны 1,85 миллионнан асты. Оның ішінде 13 мыңға жуығы "инфаркт"диагнозымен есепте тұр. Дәрігерлер инфарктпен ауратындардың жасы кішірейіп бара жатқанын айтты.
"Ең алдымен өмір салтын өзгерту керек. Жаман әдеттерден бас тартып, дұрыс тамақтанып, белсенді өмір салтын ұстанып, серуендеп жүзумен айналысу керек. Сондай-ақ салмағыңызды бақылау керек. Дене салмағының индексі 25-тен аспауға тиіс", – деп атап өтті кардиолог-дәрігер Әсем Жанисова.
Дәрігер өсіп келе жатқан көрсеткіштерді ескере отырып, инфаркт пен басқа жүрек-қан тамырлары ауруларының белгілерін білу және алғашқы медициналық көмек көрсете білу маңызды екенін алға тартты. Егер сіз жаныңыздағы адамның тұншығып, терлегенін байқасаңыз, онда науқасты жартылай отырғызып, киімі қысып тұрмағанына көз жеткізіп, терезені ашып, дәрігерді уақытында шақырған жөн.
Дәрігерлер сонымен қатар көпшілктің жүрек аймағындағы ауырсынуды жиі елемейтінін атап өтті. "Инфаркттан" басқа, қабылдау бөлімдері гипертониямен, мұрыннан қан кетумен, тамырлы көріністермен, аритмиямен және тромбоэмболиямен ауыратын науқастарды жиі қабылдайды. Олардың көпшілігінде инфарктқа ұқсас белгілер бар. Мұндай проблемалары бар адамдарға тыныштық пен шұғыл медициналық көмек қажет.