Қазақстанда халал бөліп төлеу жүйесі іске қосылмақ
Фото: shutterstock.com
Қазақстанда халал бөліп төлеу жүйесі іске қосылмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Zaman Bank басқарма төрағасының орынбасары Диар Смағұлов Forbes басылымына берген сұхбатында маркетплейстерде халал бөліп төлеу қызметін іске қосуды жоспарлап отырғандарын мәлімдеді.
“Маркетплейс құру – өте ұзақ әрі қымбат үдеріс. Kaspi-де бұл шамамен 10 жылға созылды. Біз басқа жолды таңдаймыз: қолданыстағы маркетплейстермен коллаборация жасау арқылы халал бөліп төлеу қызметін ұсынамыз. Егер жоба сәтті болса, болашақта Amazon секіоді әлемдік платформаларға шығуға мүмкіндік туады”, – деді Диар Смағұлов.
2026 жылы Қазақстанда “Банктер және банк қызметі туралы” жаңартылған заң күшіне енеді. Аталған заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, екінші деңгейлі банктер исламдық терезелер ашуға мүмкіндік алады. Исламдық терезе – өсімқорлықсыз, шариғат қағидаттарына сай қызмет көрсететін арнайы бөлімшелер. Бұған дейін Қазақстанда исламдық қаржы құралдарымен жұмыс істеу үшін жеке банк құру талап етілетін еді.
Сондай-ақ Диар Смағұлов Zaman Bank-тің әзірге өз төлем картасы жоқ екенін, алайда жақында банктің Mastercard клубына қосылғанын мәлімдеді.
Айта кетейік, халал бөліп төлеу қызметін ұсынатын дүкендер мен банктер көбіне банк тауарды алдымен өзі сатып алып, кейін оны тұтынушыға белгіленген бағада бөліп төлеу арқылы қайта сатады. Мұндай жүйенің кәдімгі бөліп төлеу немесе несиеден басты айырмашылығы – халал бөліп төлеуде исламда тыйым салынған пайыздық өсім болмайды.
Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық банктерге исламдық банк операцияларын жүзеге асыру құқығы берілетіні туралы жазған едік.
"6 миллион теңгеге дейін табыс табуға болады": Ауылда мал бағып жүріп, ағылшын үйренген 16 жастағы қазақстандық жұртты тәнті етті