Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Премьер-министр АЭС-ті Курчатов маңында салу туралы депутаттардың ұсынысына жауап берді

Премьер-министр депутаттардың Курчатов қаласының маңынан атом электр станциясын салу жөніндегі ұсынысына жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: gov.kz

Айта кетсек, бұған дейін бірқатар сенат депутаты Курчатов қаласына "ғылыми қала" деген мәртебе беріп, осы қала маңында АЭС салуды ұсынған еді. Депутаттардың айтуынша, қала маңында желілік инфрақұрылым жақсы дамыған, АЭС салу және пайдалану бойынша жұмыстарды техникалық сүйемелдеуге қажетті ғылыми-техникалық база бар. 

Премьер-министрдің жауабында арнайы комиссияның атом электр станциясы салынатын орынды белгілеп қойғаны айтылған. 

“Атом өнеркәсібін дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешіміне сәйкес, атом электр станциясын салу орны Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Үлкен ауылы маңындағы аумақ болып белгіленді”, – делінген жауапта. 


Қазақстан АЭС құрылысын жүргізуі мүмкін компаниялармен келіссөздерді бастады


Сондай-ақ Олжас Бектенов Курчатов қаласына "ғылыми қала" деген мәртебе беру мәселесі үкіметте қаралып жатқанын мәлімдеді.

“2024 жылдың 12 тамызындағы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылымды қажет ететін аумақтарды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" және 17 қыркүйектегі "Ғылымды қажет ететін аумақтар туралы"  заң жобалары. Ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен заң жобаларын зерделеуде. Заң жобаларын қарау қорытындысы бойынша қосымша ақпарат берілетін болады”, – делінген премьер-министрдің жауабында. 

Еске салсақ, осыған дейін Қазақстанның энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Ресей президенті Владимир Путин атом электр станциясын салу мәселесінде "Росатомның" мүдделерін ілгерілету үшін Қазақстанға келеді деген қауесетке түсініктеме берген еді.

Талқылау