Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда ESG практикасына қызығушылық артып келеді

16 қараша күні Алматыда Қазақстан қаржыгерлерінің X конгресі өтті. Шарада "ESG – болашақтың күн тәртібі" тақырыбы тақыланып, оның барысында спикерлер бизнестің тұрақты дамуының өзекті құралдары мен индикаторларын, "жасыл" қаржыландыруды тартудың артықшылықтары мен ерекшеліктерін және жауапты инвестициялау тәжірибесі сөз етті. 

Шараға Қазақстаннан бөлек Қырғызстан, Британия, Үндістан елдерінің өкілдері қатысты. Форумдағы негізгі тақырыптың бірі компаниялардың экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік (ESG) жауапкершілігін арттыру болды. Спикерлер Қазақстан,  Орталық Азия, Шығыс Еуропа және Таяу Шығыс елдеріндегі ESG-ге қатысты іс-қимылдарға баға беріп, осы бағытты дамытудың жолдарын ұсынды. PwC Қазақстан өкілі Наталья Лим ESG тек компанияларға осындай талап қойылған кезде ғана емес, күнделікті жұмыс процесіне айналу керегін айтады.

"Егер қызметкерлердің өздері ESG-дің мағынасын түсінбесе, оның пайдасын көрмесе, бұл оларға қосымша жүк секілді сезіледі. Олар мұны талап болғандықтан ғана орындап, тіпті орындамаудың жолдарын іздейтін болады. Бірінші кезекте компаниялар өздерінің қоғам мен қоршаған ортаға қандай пайда алып келе алатындарын сезінуі керек. Біз дәл қазір ESG-ді тиімді енгізудің жолдарын іздеудеміз", - деді Наталья Лим.

Ал IFC қаржы институтының өкілі Гард Бедфорд "жасыл" қаржы жүйесін енгізудің жолдарын бірден ұсына кетті.

"Алдымен "жасыл" қаржыландыруға байланысты нормативті-құқықтық құжат керек. Екіншіден, "жасыл" қаржы жүйесінің потенциалын арттырып, ол туралы ақпарат тарату нықтап қолға алу керек. Кәсіпкерлер өз бизнесінің экологияға, әлеуметтік ортаға тигізер әсері ойланатындай менеджмент қалыптастыру керек. Үшіншіден, "жасыл" қаржыға деген сұранысты арттыру қажет. Мысалы, IFC клиенттерінің 70%-ы "жасыл" қаржыландыру жүйесін қолдайды. Оларды көбіне қайта өңделетін қуат көздері, энергия үнемдеу және “жасыл” транспорт қызықтырады", - дейді ол.

PwC Қазақстан өкілі Наталья Лим көптеген компания өздеріне адам құқықтары мен экологиялық мәселеден бастап көптеген жүкті артып алатындарын айтады. Олар өздерінің қандай бағытта жұмыс істеу керегін тауып, сол бағытты берік ұстанған кезде ғана оның жемісін жейді.

"Біз қазақстандық компаниялардың осы бағыттағы жұмыстарын бақылап келеміз. Қазір Қазақстанда ESG практиканы қолданып жүрген компаниялар жетерлік. Бірақ олардың барлығы жолдың басында ғана тұр. Біздің елде осы практикаға үлкен сұраныс бар екенін баса айтқым келеді. Алдағы уақытта елімізде ESG рейтингін анықтайтын агенттік құрылмақ", - деді Наталья Лим.

ESG практикасын қолданып жүрген қазақстандық компаниялардың бірі - Jusan Bank. Талқылауға осы банктің PR және ESG басқарушы директоры Олегжан Бекетаев та қатысты. Оның сөзіне сүйенсек, Jusan Bank 2021 жылы өзінің JBI және "көміртек ізіне" қатысты арнайы есеп дайындатып, оның қорытындысы бойынша компанияның осы бағыттағы даму жолын айқындаған. Биыл банк елдегі өзге ірі компаниялардың осы бағыттағы жұмыстары жайлы есепке тапсырыс беріп, олардың жақсы тұстары мен кем-кетіктерінен сабақ алуды жоспарлар отыр.

"Мемлекет жай қызығушылық танытып қоймай, нақты іске көшкелі отыр. Оған арнайы бағдарламалар жасалса, ол бағдарлама міндетті түрде банктердің қатысуымен іске асады. Сондықтан банктер өз клиенттерінің ESG практикасына баға бере алатын деңгейде болуы керек", - дейді Олегжан Бекетаев.

Ол Қазақстанда ESG дамуына үлкен үміт барын айтады. Себебі мемлекет осы бағытта жұмыс істеуді қолға алып, қаржы институттарына осы бағытты қолдау туралы айтып келеді. Одан бөлек, компания ESG талабына сай келмесе, батыстағы серіктестерімен байланыстары үзіледі. Ал ең бастысы, болашақта ESG-сіз IPO-ға шыға алмай қалады.

"Мен ең алғаш ESG туралы Германияда естідім. Қызметкерлердің уақытын бағалап, қоршаған ортаны ластамайтын компания банктен несиені 2%-ға алады. Орындалмаған жағдайда, 8% болады. Сондай-ақ, бір жағдайды есте ұстау керек. Бұл жоғарыдан төмен жүретін процесс. Егер компанияның басшылығында ESG мәдениетіне деген қызығушылық болмаса, оны бұл компанияға енгізу аса қиын болады", - дейді Олегжан Бекетаев. 

Қырғызстан Банктер одағының президенті Анвар Абдраев осы форум кезінде өзіне пайдалы көп ақпарат алғанын айтады.

"Бүгінгі форум менің көзімді ашты деуге болады. Біздің елде, яғни Қырғызстанда ESG практикасы Қазақстандағыдай дамымаған. Бірақ бұл бағытта жұмыс жасалып келеді. Қазір үкіметпен бірге арнайы комиссия құрып, осы бағытты дамытудың жолдарын қарастырып жатырмыз. Бізге Қазақстан Ұлттық банкімен Моңғолия мемлекетінің практикасы қызық болып отыр", - дейді Анвар Абдраев.

Ол Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің аясында арнайы ұйым құрып, кеңеске мүше елдердің практикасын басқа елдерде қолдануға болатынын ұсынды. Ал кеңеске мүше елдер ішінен дәл қазір осы бағытта ілгері келе жатқан Қазақстанды темірқазық қоюға болатынын айтты.

ESG – экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік басқару. Яғни осы салалардағы мәселелерді шешу бағытында белгілі бір ұйымның жауапкершілігі.

Талқылау